800 ақтөбелік әскер қатарына алынды

22 Маусым 2023, 17:25
1021
Бөлісу:
800 ақтөбелік әскер қатарына алынды
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 800-ден астам жас әскер қатарына алынған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Әділет Отарбаевтың айтуынша, қазір өңірде «Әскерге шақырылушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл шара аясында облыста әскери міндетін өткеруге тиіс ер-азаматтар жергілікті жердегі әскери пунктерге келіп, тіркеуден өтуге тиіс. Бұл шара 1 шілдеге дейін жалғасады. Жалпы биыл әскер қатарына Ақтөбе облысынан 1040 сарбаз алынуы керек.

 Ақтөбе облысы әкімінің «Шақыру пункттеріне келуден жалтарған азаматтарды анықтауға және жеткізуге бағытталған жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізу туралы» 2023 жылдың 2 маусымдағы №140 қаулысына сәйкес, қазір департаментке қарасты басқармалар мен бөлімдердің, облыстағы №6655 әскери бөлімінің, сондай-ақ Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері өңірдегі әскер қатарына алынуы тиіс азаматтарды пунктерге жеткізуде жұмыстанып жатыр. Алдын ала болжам бойынша биылғы алты айда өңірден 1040 сарбаз әскер аттануы керек. Оның ішінде 203 адам Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне, 454 адам Қарулы күштер қатарына, 3 сарбаз Мемлекеттік күзет қызметіне, 30 сарбаз Төтенше жағдайлар министрлігіне, 350 адам Ұлттық ұлан құрамына жіберіледі, — деді Ә.Отарбаев.

Биыл жыл басынан бері облыста 2006 жылы туған және бұрын тіркеуден өтпеген, жасы үлкен ер-азаматтар қала және аудандардағы әскерге шақыру пунктерінде тіркелген. Қазіргі таңда облыс бойынша тіркеуге алынғандардың саны 6200-ден астады. Оның ішінде 3 мыңнан астам жас әскер қатарына баруға жарамды деп танылған. Былтыр бұл санатқа жататын сарбаздардың саны 3165 болған.

800 ақтөбелік әскер қатарына алынды

 Бүгінде әскери есепте тұрғандардың саны 34 мыңнан асады. Ал шақыруға жатпайтындардың саны — 27 371. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататындардың саны — 7097. Биылғы көктемгі нарядта 1040 сарбаз әскерге алынса, алдағы күз айларында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. 22 маусымға дейін әскер қатарына 800-ден астам адам алынып отыр, — деді департамент бастығы.

Өткен жылдан бастап елімізде әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілердің мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде банктік қарыздары мен микронесиелік борыштары бойынша төлемдері кейінге қалдырылатын болды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Демек, енді сіз әскерге барсаңыз немесе әскери қызметке алынсаңыз, сіздің мойныңыздағы банктік берешектеріңіз кейінге шегеріледі. Бұл туралы департамент бастығы былай деді:

Аталған меморандум аясында биыл әскерге шақырылған сарбаздарға несиелік каникулдар беріледі. Әрбір әскери команданы жасақтау аяқталған соң несиелік міндеттемелері бар азаматтардың тізімдері жасалып, облыстағы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасына жіберіледі. Содан кейін басқарма мамандары ол деректерді облыстағы екінші деңгейлі банктерге жолдайтын болады. Осылайша әскерге алынғандардың несиесі кейінге қалдырылады. Бұл да азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлық.

Айта кету керек, былтырдан бастап елімізде әскерге алынушылар мен әскери борышын өтеп келгендердің оқу орындарында білім алуы үшін тегін гранттар да берілуде. Аталған гранттар төрт критерий бойынша беріледі. Бүгінде бұл бағытта білім беру үшін елімізде 40-тан астам жоғары оқу орны Қорғаныс министрлігімен өзара меморандумға отырған.

Өзгелердің жаңалығы