72 жастағы ұлытаулық марафоншы жаяу жолға шықты

3 Сәуір 2022, 14:50
2804
Бөлісу:
72 жастағы ұлытаулық марафоншы жаяу жолға шықты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкері, еңбек ардагері Қотырашов Сәрсенбай Оспанұлы Қазақстанның кең байтақ даласын жаяу жүріп өтуге жолға шықты. 72 жастағы қария қарашаға дейін бүкіл елді аралап, қолданбалы өнер шеберлерімен кездесіп, басқа өңірлердің тұрғындарын Ұлытау ауданының тарихымен және киелі жерлерімен таныстыруға ниетті.

Жоспар бойынша, ол күніне 40 шақырым жол жүреді.

Қарияның жаяу марафоны "Ұлытауға бардың ба?" деп аталады. Алыс жолға шығар алдында Сәрсенбай Қотырашов "Ұлытау" мұражай-қорығындағы әріптестерімен кездесіп, өзінің бағыты туралы айтып берді.

72 жастағы ұлытаулық марафоншы жаяу жолға шықты

Мен бұл марафонға жеті жыл бойы дайындалдым. Менің мақсатым – қолөнер шеберлерімен кездесіп, халықты Ұлытау тарихымен таныстыру. Соның ішінде "Көкмайса" фестивалін насихаттау да бар. Мен Қазақстанның барлық өңірлерін айналып өтуді жоспарлап отырмын. Қызылорда, Түркістан, Шымкенттен бастаймын. Әрі қарай Тараз, Алматы, Талдықорған қалаларына жол тартамын. Қазақстанның үздік қолөнершілерінің тізімін жасағым келеді. Менің бүкіл бағытым әлеуметтік желілерде жарияланады, – дейді саяхатшы.

Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Бегаев, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы РМҚК директорының міндетін атқарушы Нұрлан Қасымбеков, «Өлкетанушы» Бақтияр Қожахметов және музей қызметкерлері марафоншыға ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Сәрсенбай Оспанұлы еліміздің 17 облысын жүріп өтпек. Марафоншы жолы: Ұлытау – Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Талдықорған – Аякөз – Семей – Павлодар – Нұр – сұлтан – Көкшетау – Петропавл – Қостанай – Ақтөбе – Орал – Атырау – Бейнеу – Ақтау.

Аружан АЛПЫСБАЙ

Өзгелердің жаңалығы