Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Алишер Тастенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайта сайлану құқығынсыз бір реттік 7 жылдық мерзімді енгізу - бұл Қазақстанды демократияландыру қадамдарының бірі және либералдық саяси реформаларды жалғастыру. Бұл мерзімді депутаттардың ұсынысы бойынша Қазақстанда сайлауға дейін енгізу жоспарлануда. Бастаманың басты мақсаты – билікті монополияландырудың кез келген мүмкіндігін түп тамырымен жою және биліктің әділ теңгерімін орнату. Бұған дейін Президенттің партия жұмысына қатысуына, сондай-ақ жақын туыстарының саяси лауазымдарға орналасуына тыйым салынған болатын. Осылайша бұл бастама авторитаризмге және биліктің бір адамның қолында шоғырлануына тағы бір кедергі келтіреді, - деді Алишер Тастенов.
Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға дейін және Президент жеті жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданған жағдайда, Тоқаев пен еліміздің кейінгі президенттері үшін президенттік сайлауға қайта қатысудың заңдық мүмкіндігі шектелетін болады.
Бір реттік 7 жылдық мерзім Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен экономикалық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға толығымен бағытталады. Сондай-ақ келесі мерзім туралы ойлау, түрлі популистік шаралар қабылдау сияқты түрлі мәселелерге алаңдамайды. Нәтижесінде Президенттің жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттері үшін жауапкершілігі айтарлықтай артады, - деді ол.
Сонымен қатар Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі қайта тағайындау мүмкіндігін қоспағанда 6 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтылады.
Бұл судьялардың тәуелсіз және объективті болуы үшін жасалады. Бұл Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын адамдардың өкілеттік мерзімінен асып кететін халықаралық тәжірибе.
Бір Президенттік мерзім Израиль, Армения, Мексика, Оңтүстік Корея сияқты әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Қазіргі уақытта Францияда осы артықшылықтарға байланысты бір реттік 7 жылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі белсенді талқылануда, - деді сарапшы.