7 жасар қыз анасын құтқару үшін полицияға қоңырау шалды

9 Қараша 2020, 15:27
1665
Бөлісу:
7 жасар қыз анасын құтқару үшін полицияға қоңырау шалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 жасар қыз әкесінің анасын ұрып-соғып жатқаны туралы полицияға хабарлаған. Дереу шақыруға учаскелік полиция инспекторы келді. Тексеру барысында отбасының 43 жастағы отағасы алкоголь ішіп, тұрмыстық негізде отбасылық жанжал тудырып, әйелін ұра бастағаны анықталды. Қорқып қалған қыз полицейлерді шақырды.

Отбасылық жанжалшы, сонымен қатар, аңшылық қарудың иесі де екен. Қаруды тәртіп сақшылары тәркіледі. Осы факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша іс қозғалып, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды, - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, елордада "Учаске жедел" алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Оның мақсаты - қылмыс пен құқық бұзушылықты алдын алу бойынша азаматтарға түсіндіру әңгімелерін өткізу.

Жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы учаскелік инспекторлар 263 мыңнан астам үйді аралап шықты. ІІО-ның есебінде тұрған 14 мыңға жуық адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Сонымен қатар жалға берілетін 2 922 пәтер анықталды. 23 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.



Өзгелердің жаңалығы