Coursera. 65 мыңнан астам қазақстандық тегін курстан өтеді

16 Қараша 2020, 11:12
1230
Бөлісу:
Coursera. 65 мыңнан астам қазақстандық тегін курстан өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Enbek.kz порталында Coursera білім беру платформасында тегін онлайн-курстарға өтінімдер қабылдау жалғасуда. 65 мыңнан астам азамат өздерінің кәсіби дағдыларын жақсартуға ниет білдірді, ал 32 мың қазақстандық оқуға кірісті.

Қазақстандықтардың дағдыларын арттыру бойынша жоба ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның Coursera танымал онлайн-оқыту платформасымен ынтымақтастығының арқасында іске асырылуда. Курстардан өтуге өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылғы 14 желтоқсанда аяқталады, оқыту 2021 жылғы 15 ақпанға дейін өтеусіз негізде өтеді.

Тіркеу басталғаннан бері 32 мың азамат оқуға кірісті. Олардың ішінде 4,5 мың қатысушы 2 және одан да көп курстарда, 2,5 мың қатысушы 3 курста және 6,5 мың қатысушы бір мезгілде 4 курста оқуда. Орта есеппен білім алушылар оқуға аптасына 2,5 күн жұмсайды.

2 мыңға жуық адам оқуын кем дегенде бір курс бойынша аяқтады. Coursera платформасының ақпараты бойынша, 500-ге жуық курс қазақстандықтардың қызығушылығын тудырды, олардың ішінде компьютерлік және статистикалық бағдарламалау дағдыларын, операциялық жүйелерді, математикалық және коммуникациялық дағдыларды, деректерді талдауды және т. б. арттыру бойынша бағыттарды бөліп көрсетуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, Coursera білім беру платформасы әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен (GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University және т.б.) 4 мыңнан астам тегін курстардан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Аталған курстарда түрлі дағдыларды, соның ішінде математикалық, коммуникативтік, кәсіпкерлік, бағдарламалау, статистикалық талдау, деректерді басқару және көшбасшылық дағдыларын меңгеруге болады. Курстарды сәтті аяқтағаннан кейін білім алушылар сертификат алады.

Ағымдағы жылғы 14 желтоқсанға дейін https://www.enbek.kz/ru/free-coursera Электрондық еңбек биржасы арқылы өтінім бергендер және www.coursera.org платформасында тіркелгенін растағандар үшін Coursera алаңында оқыту курстары 2021 жылғы 15 ақпанға дейін қолжетімді.

Өзгелердің жаңалығы