6,3 млрд теңге. Биыл 21 әуе бағдарын субсидиялауға қазынадан қаржы бөлінді

5 Сәуір 2023, 15:40
888
Бөлісу:
6,3 млрд теңге. Биыл 21 әуе бағдарын субсидиялауға қазынадан қаржы бөлінді
Фото: dknews.kz/СР

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Сенаттағы Комитет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, ішкі нарықта 2012 жылдан бастап барлық шектеулер алып тасталған.

Ішкі тұрақты тасымалдауға рұқсаты бар кез келген қазақстандық авиакомпания қолда бар сұранысқа сәйкес кез келген ішкі маршруттар бойынша ұшуларды қандай да бір шектеусіз орындай алады. Қазіргі уақытта 6 қазақстандық тасымалдаушы 56 ішкі авиамаршрут бойынша аптасына 706 рейсті орындайды, - деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар ұшудың қолжетімділігін жақсарту шараларының бірі авиамаршруттарды субсидиялау деп отыр.

Бұл шара 2002 жылдан бері қолданылып келеді. Мақсаты – орталықты өңірлік әуе желілерімен байланыстыру. Биыл орталықтан Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, Ұлытау облыстарына 21 әуе бағдарын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 6,3 млрд теңге мөлшерінде сома бөлінді. Рейстерді «SCAT», «Qazaq Air» және «Южное небо» авиакомпаниялары орындайды. Тарифтер 10 000 теңгеден басталып (Жезқазған – Қарағанды) 33 000 теңгеге дейін құрайды (Түркістан-Орал), - деді ведомство өкілі.

Вице-министр жаңа бағыттар қай қалалар арасында ашылатынына тоқталды.

Сондай-ақ «Республикалық бюджетті нақтылау туралы» заң аясында 2023 жылы Астана – Жезқазған, Астана – Павлодар, Қарағанды – Жезқазған, Көкшетау – Шымкент және Тараз – Атырау сияқты жаңа бағыттар ашылатыны белгілі болды. Ал биыл Астана-Павлодар, Тараз-Атырау, Көкшетау-Шымкент авиамаршруттарын субсидиялау үшін 878 млн теңге мөлшерінде сома бөлінді, - деді Алмаз Ыдырысов.

Өзгелердің жаңалығы