59 пайыз. Министр елдегі екі өңірді газдандыру туралы айтты

1 Ақпан 2023, 16:14
1457
Бөлісу:
59 пайыз. Министр елдегі екі өңірді газдандыру туралы айтты

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов министрліктің кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Ақшолақовтың атап өтуінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейі 59 пайыз. Өңірлерде 96,1 млрд теңгеге 142 газ жобасы іске асырылды, бұл 107 ауылдық елді мекендегі 285 мың азаматтың табиғи газға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Газ тасымалдау жүйесінің одан әрі дамуын айқындайтын Қазақстан Республикасын газдандырудың 2022 – 2030 жылдарға арналған Бас схемасы өзектілендірілді. 2023 жылы бюджеттік инвестициялардың жалпы сомасы 74 млрд теңгеге 86 жобаны іске асыра отырып, халықты газдандыру үлесін 60 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.  Бұл 56 ауылдық елді мекендегі 167 мың азаматты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді ведомства басшысы.

Айтуынша, оның нәтижесінде республиканың 11,4 млн азаматы газға қол жеткізе алады.

Елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруға қатысты бірнеше нұсқалар пысықталып жатыр, атап айтқанда, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2-ші және 3-ші кезеңдерін салу, Ресей Федерациясымен Павлодар қаласына тармақталған «Барнаул-Рубцовск-Семей-Өскемен» магистральдық газ құбырын салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.  Өскеменге тармақталатын «Омбы-Павлодар-Семей» газ құбырын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл ретте газдың ресурстық базасы және импорттық газдың құны мәселесі тежеуші фактор бола алады, - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы