Астанада алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы таныстары мен көршілерінен 500 млн теңгеден астам қаражат жымқырған әйел 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Бас прокуратураның мәліметінше, сотталған әйел азаматтарды ипотеканы жедел рәсімдеуге, тұрғын үй сатып алуға және декреттік төлемдерді көбейтуге көмектесетінін айтып сендірген.
Ол жәбірленушілерді өзіне ақша беруге, несие рәсімдеуге немесе жылжымайтын мүліктерін кепілге қоюға көндіріп, алынған қаражатты өз пайдасына жұмсаған.
Прокуратураның мәліметінше, алаяқтың әрекетінен жәбірленушілерге 500 млн теңгеден астам материалдық залал келген.
Сот оны кінәлі деп танып, алты жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді, – делінген хабарламада.