500 млн-нан 1 млрд долларға дейін инвестициялар тартылуда - Смайылов

4 Желтоқсан 2019, 12:08
4820
Бөлісу:
500 млн-нан 1 млрд долларға дейін инвестициялар тартылуда - Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы "ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР конституциялық заң жобасы мақұлданды.

Мәжіліске баяндама жасауға келген ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайылов инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының мақсатын түсіндірді.
Заң жобасы "инвестициялық резидент" ұғымын және Қазақстанда "инвестициялық салық резиденттігі" бағдарламасын енгізуді көздейді. Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы қазіргі таңда дүниежүзінде барынша кеңінен таралған құбылыс. Халықаралық тәжірибені талдау инвестициялық резиденттік нарығының айтарлықтай өсу кезеңінде екенін көрсетіп отыр. Осындай бағдарламалар аясында 500 миллионнан 1 миллиард долларға дейін инвестициялар тартылуда, - дейді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша,  "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын қолдану ұсынылады. Онда елдің инвестициялық визасы мен салық резиденттігін алу болжамдалған.
Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының мақсаты - бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көп мәртелі кіру визасын беру арқылы инвестицияларды тарту. Бағдарламада инвестициялаудың көлемі мен құралдары, инвестициялық салық резиденттігін алу рәсімдері айқындалады,- дейді министр.

Еліміздің бас қаржыгері осы тұста қаржы орталығының инвестициялық резиденті мәртебесін алу процесі туралы қысқаша тоқталу қажет екенін айтты.
Ең алдымен, әлеуетті шетелдік инвестор "Астана" халықаралық қаржы орталығы кеңсесінде сенімділікке және осы қаржы орталығы туралы конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігіне тексеруден өтеді. Тексеруден өткеннен кейін әлеуетті шетелдік инвестор "Астана" халықаралық қаржы орталығының әртүрлі құралдарына инвестициялар салып (кемінде 60 000 $), орталықтың инвестициялық резидент мәртебесін алады. Инвестициялық резидент АХҚО өтінішхаты бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге кіру визасын алуға құқылы, - дейді Әлихан Смайылов.


Өзгелердің жаңалығы