Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде өткен жылдың соңында басталған «КөрпеFest» этнофестивалі мәресіне жетті.
Ауқымды шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Этнофестивальге облыс тұрғындарының ішінен 500-ге жуық қыз-келіншек қатысып, халықтық өнердің қыр-сырын меңгерді.
Онлайн форматта өткен фестиваль барысында әр шебер құпияларымен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты. Шараны ұйымдастыруға танымал этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада мұрындық болды.
Бастапқыда шеберлік сабақтарына небары 50 адам қатысады деп ойлап едік. Сонымен қатар, онлайн формат қиындық туғыза ма деп ойладық. Бірақ, бастаманы қолдаушылар көбейді. Нәтижесінде үздік шеберлерді анықтадық. Павлодарлық қыз-келіншектерге айтар алғысым шексіз. Олардың жасаған туындылары республикалық деңгейде де үздіктердің қатарына енеді десем, артық айтқандық болар, - дейді Ырза Тұрсынзада.
40-тан астам қолөнер шебері арнайы сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар, оларға тігін машиналары тарту етілді. Енді шеберлер шағын цех ашып, көрпелерін сатуға мүмкіндік алды.
Бір қызығы, жоба қатысушыларының басым бөлігі – үй шаруасындағы әйелдер мен көпбалалы аналар. Арасында ұлттық қолөнермен бұрын-соңды айналысып көрмегендері бар. Мәселен, теміржол саласында еңбек ететін Уәсила Нұрмұхамбет бар. Азаматша құрақ көрпе тігу ісін меңгеріп алды. Бұл іске қызыққаны соншалық, бір оюды автор ретінде патенттеп алған.
Мен көрпелерімді мыңжылдық тарихы бар оюлармен безендіремін. Біреуіне патент те алдым. Бұл мүйіз «қос тамырлы мүйіз» деп аталады. Қай жағынан қарасаңыз қошқар мүйізге ұқсайды. Бірақ, мән-маңызы терең. Оюдағы тамыр мәңгілік деген мағынані білдіреді. Көне оюды бүгінгі заманға сай бейімдедім, - дейді шебер.
Болашақта шеберлер жеке істерін дөңгелетеді деген үміт бар.