- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 500-ден астам жануардың тағдыры: Қазақстандағы панажайдың мәселесіне ресейлік әртістер үн қосты
500-ден астам жануардың тағдыры: Қазақстандағы панажайдың мәселесіне ресейлік әртістер үн қосты
Әкімдік бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Бүгiн 2026, 14:01
Алматы облысындағы ZooHome жануарлар панажайының иесі Евгения Мамаева әлеуметтік желіде үндеу жариялап, сот шешімінің салдарынан жүздеген ит пен мысықтың тағдыры қыл үстінде тұрғанын мәлімдеді. Бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Мамаеваның үндеуі үш миллионға жуық қаралым жинап, мыңдаған пікір жазылған. Оның ішінде, ресейлік тележүргізуші Лариса Гузеева мен ресейлік әнші Лариса Долина қандай көмек көрсете алатындарын сұрап, пікір жазған.


Оның айтуынша, биыл 22 сәуірде бірінші сатыдағы сот, ал 17 маусымда Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы Қараой ауылындағы панажайдың жер телімін алып қою туралы шешім шығарған.
Қазір бұл аумақта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ZooHome панасы орналасқан. Мұнда көшеден, қатыгез иелердің қолынан және ажал аузынан құтқарылған 500-ден астам ит пен мысық тұрып жатыр, – деді Евгения Мамаева.
Панажай иесінің сөзінше, сот шешімі заңды күшіне енгендіктен, ол жақын арада мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкін.
Бұл жануарларды панажайдан шығаруға бұйрық беріледі деген сөз. Бірақ оларды қайда апарады? Өңірде бір мезетте 500 ит пен мысықты қабылдай алатын мемлекеттік панажайдың жоқ екені ресми түрде расталған, – деді ол.
Мамаева мұндай жағдайда салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтады.
Жануарлардың бір бөлігі ретсіз тасымалдау кезінде қырылып қалуы ықтимал. Тағы бір бөлігі көшеде қалып, азықсыз, сусыз және ветеринарлық көмексіз қалады. Соның салдарынан қаңғыбас жануарлардың саны көбейіп, бұл адамдардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді, – деді панажайдың иесі.
Евгения Мамаеваның айтуынша, 2026 жылғы 23 мамырда панажайдың аумағында Іле ауданы әкімінің орынбасары, аудан прокурорының аға көмекшісі, Қараой ауылдық округінің әкімі және БАҚ өкілдері қатысқан арнайы комиссия өткен.
Кездесу қорытындысында барлығы ортақ шешімге келді. Қоршауларды жер телімінің ішкі жағына қарай 300 метрге көшіру, панажайдың қалыпты қоршау, қақпа орнатып, су мен электр желісін тартуына бір ай уақыт беру жөнінде актіге қол қойылды. Бұл жануарлардың да, тұрғындардың да мүддесін ескерген орынды шешім еді. Алайда сот бұл келісімді назарға алған жоқ, – деді ол.
Панажай иесі қазіргі жағдайды тек құқықтық мәселе деп қарауға болмайтынын айтты.
Жануарлар – жиһаз да, құрылыс материалы да емес. Оларды жай ғана алып кетіп, тағдыр тәлкегіне тастауға болмайды. Мұндағы әрбір ит пен мысықтың құтқарылу тарихы бар. Енді әлдекім "жер маңыздырақ" деп шешкені үшін 500-ден астам тіршілік иесінің өміріне қауіп төніп тұр, – деді Евгения Мамаева.
Сөз соңында ол қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарын бұл мәселеге назар аударуға шақырды.
Біз БАҚ өкілдеріне, қоғамға және бұл мәселеге ықпал ете алатын азаматтарға үндеу жасаймыз. Бұл жағдайдың үн-түнсіз өтуіне жол бермеңіздер. Бұл мәселе мүмкіндігінше көп адамның назарына ілігуі керек. Өйткені сөз жаппай жануарлардың қырылуы және адамдардың қауіпсіздігіне төнетін қауіп туралы болып отыр. Бұл жай ғана сот дауы емес, бұл – адамгершілік мәселесі, – деді ZooHome панажайдың иесі.
Әкімдік не дейді?
Бұл мәселеге қатысты Алматы облысының әкімдігі де BAQ.KZ тілшісіне түсініктеме берді.
Әкімдіктің мәліметінше, Іле ауданы Қараой ауылдық округіне қарасты Н.Тілендиев ауылының тұрғындары бірнеше рет жергілікті әкімдікке шағым түсірген. Олар Евгения Мамаеваға тиесілі жер телімінде орналасқан жануарлар панажайынан үнемі қатты шу шығып, жағымсыз иіс тарайтынын айтып, оның санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға және тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсер етіп отырғанын жеткізген.
Осыған байланысты Іле аудандық әкімдігі құзырлы мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы комиссия ұйымдастырып, жергілікті жерде тексеру жүргізген.
Тексеру барысында жер телімі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай отырғаны анықталды. Осыған байланысты 2025 жылғы 19 тамызда жиналған материалдар Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды, – деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік мәліметінше, департамент тексеру жүргізіп, жер телімінің тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатында берілгеніне қарамастан, өзге мақсатта пайдаланылып жатқанын анықтаған.
Аталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті Евгения Мамаеваға қатысты сотқа талап-арыз берді, – делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар, әкімдік жер телімін алып қою тек сот шешімімен және заңда көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өтті.
Жергілікті атқарушы органдардың мақсаты – жануарлар панажайлардың жұмысын тоқтату емес. Керісінше, барлық тараптың мүддесін ескере отырып, мәселені заң аясында шешу үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деп мәлімдеді облыс әкімдігі.
Әкімдік Іле ауданында панажайды тұрғын үйлерден алыс, талаптарға сай келетін басқа жерге көшіру үшін тең дәрежедегі жер телімін ұсынуға дайын екенін де хабарлады.
Бұл шаралар жануарлардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған. Аталған мәселе әкімдіктің бақылауында және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралып жатыр, – деп қорытындылады әкімдік.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында иттерге арналған заңсыз панажай анықталып, иесіне айыппұл салынды.
Ең оқылған:
- Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады
- Астана күні: елорданың өсу тарихы және болашаққа бастаған жолы
- Атырау облысында Жайыққа батып кеткен 13 жасар баланы іздеу жалғасуда
- Францияда 11 жастағы қыздың өлімінен кейін жаппай наразылық басталды
- H5N1 құс тұмауы алғаш рет Австралия құрлығына жетті
Сымбат Сатыбалдина