50 скрипкашы «Astana-Violin» байқауына қатысып жатыр

7 Қараша 2023, 18:39
737
Бөлісу:
50 скрипкашы «Astana-Violin» байқауына қатысып жатыр
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 50 скрипкашы «Astana-Violin» байқауына қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астанада X Халықаралық «Astana-Violin» скрипкашылар байқауы басталды. XX ғасырдың талантты музыканты Давид Ойстрахты еске алуға арналған шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастыруда.

«Astana – Violin» - еліміздің музыка әлеміндегі тарихи маңызы зор айтулы шараларының бірі. Байқауға алыс-жақын елдердің талантты скрипкашылары жиналып, елімізде бас қосты. Астанада дәстүрге айналған додаға қатысу үшін биыл Англия, Австрия, Испания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, ҚХР, Ирландия және басқа елдерден 50 скрипкашы келді.

Байқауға қатысушылар жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлінген. Ең жас қатысушылар 10-15 жас аралығын қамтыса, екінші топтағы скрипкашылар 16-28 жас аралығында. Сайысқа қатысушылар бес күн бойы тек өнерін сарапқа салып қана қоймай әлемге әйгілі музыканттармен танысып, тәжірибе алмасады.

Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсахаджаева, София королевасы атындағы Корольдік Жоғары музыка мектебінің профессоры Захар Брон (Испания-Швейцария), өнер магистрі, «MDV» музыка университетінің профессоры Дора Шварцберг (Австрия), Фэлфакс және Фарго Мурхед симфониялық оркестрлерінің музыкалық жетекшісі Кристофер Томс Цимерман (АҚШ), «Ost-West-Musikfest» музыкалық фестивалінің көркемдік жетекшісі, Леопольд Моцарт институтының скрипка сыныбы бойынша профессоры Гернот Винишхофер (Австрия) және тағы да басқа өнер тарландары бар.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 20 500 долларды құрайды. Халықаралық байқау жеңімпаздарының есімдері 11 қарашада жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы