5 жасар қыздың өлімі: туыстары қылмыскердің жалғыз болмағанына сенімді

15 Шілде 2023, 15:18
3265
Бөлісу:
5 жасар қыздың өлімі: туыстары қылмыскердің жалғыз болмағанына сенімді
Фото: instagram.com/nemolchikz_official

Түркістан облысында кісі қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың отбасы қылмыскердің жалғыз әрекет етпегеніне сенімді, деп хабарлады BAQ.KZ. 

Қыршын кеткен сәбидің туыстары азғынның сыбайластары барын айтып отыр.

Бір өзі істей алмайды ғой. Мас болған. Үйдің шатырына шығарып тастаған. Ол бір адамның ісі емес қой. Ақылдасқан нәрсе. Ана жерге апарып, көміп қойса білініп қалуы мүмкін деген жорамал ғой. Кешке қарай ағызып жібереміз, құртамыз деген мақсатпен істеген шығар. Көрдік сәбиді. Бет-аузынан ұрған. Шыңғырған кезде айқайлама деп ұрған болуы керек. Пышақтап тастаған, - дейді Еркежанның ағасы Ерғали Ережепов КТК арнасына берген пікірінде.

Алайда полицейлер қазір 1 ғана күдіктінің құрықталғанын жеткізді. Кінәсін толық мойындапты. Қазір оған қатысты жас баланы өлтіру бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Енді қаскөй кемі 20 жыл немесе өмір бойына темір торға тоғытылуы мүмкін.

Бұған дейін қыздың зорланғаны туралы айтылған еді. Алайда қорланды ма, жоқ па? Әзірге белгісіз. Сараптаманың қорытындысы шыққанда айқын болады.

Күдікті мас күйінде болған. Сараптама алынды. Күдікті ретінде жалғыз өзі қамауда отыр, - дейді Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің бастығы Есенғали Бейсебаев.

Шынашақтай қызынан айрылған отбасы тергеудің әділ жүріп, қаскөйдің ең қатаң жазаға тартылуын сұрайды.

Өзгелердің жаңалығы