«Қазгидромет» РМК синоптиктері атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен Қазақстанның кей аймағында найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, кей өңірде 35-44 градус аптап ыстық болатынын да ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жауын-шашын болжамы
Бірқатар өңірде жел күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және шығысында қатты жаңбыр жауады деп болжануда.
Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Ираннан келетін құрғақ ауа массаларының әсерінен негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Аптап ыстық
Елдің басым бөлігінде ауа температурасы көтеріледі, тек Қазақстанның батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерінде бірінші тамыздағы қатты ыстықтан кейін күндіз ауа температурасы 25-35 градусқа дейін төмендейді.
«Қазақстанның қалған бөлігінде термометр бағаны орталықта, шығыста және оңтүстік-шығыста 33-41 градусқа, ал оңтүстікте 35-44 градус ыстыққа дейін жетеді», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Еске салайық, бұған дейін елімізде 16 облыста дауылды ескерту жарияланды.
Сондай-ақ, тамызда ауа райы қандай болатыны хабарланды.
Тамыз айында Қазақстанның қай өңірінде құрғақшылық болуы мүмкін екені де айтылды.