43 500 теңге: Мемлекеттен берілетін көмекті кім ала алады

20 Тамыз 2024, 16:21
10435
Бөлісу:
43 500 теңге: Мемлекеттен берілетін көмекті кім ала алады
Фото: Арман Мухатов - архив

Балаларды мектепке дайындауға мемлекеттен жыл сайын қаржылай қолдау көрсетіледі. Мысалы, былтыр көмекке мұқтаж отбасы балаларының әрқайсысына 40 567 теңге берілген болатын. Ал биыл оның бекітілген көлемі – 43 407 теңге. BAQ.KZ тілшісі бұл көмекті кім және қалай ала алатынына шолу жасап көрді.

Жаңа оқу жылында 1 қыркүйектен бастап 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн бала білім алады. Оның шамамен 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары.

Биыл Жалпыға бірдей білім беру қоры 510 мыңнан астам балаға қолдау көрсетеді. Олардың қатарында АӘК алатын үйлердің мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Қазіргі таңда әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде − 43 407 теңге қаражат белгіленген, — деген еді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Соңғы үш жылда материалдық көмек көлемі 2,5 есеге, яғни 17 мыңнан 43,5 мың теңгеге дейін өскенін еске сала кетейік.

Бүгінде «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан 423 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшоттарына 17,3 млрд теңгеден астам қаражат аударылды.

43 мың теңгені кім ала алады?

Жыл сайын қолдауды қажет ететін отбасы балаларына мектептер арқылы материалдық көмек көрсетіледі.

Бұл көмек балалардың келесі санаттарына бағытталған:

  • атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға,
  • жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға,
  • сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға беріледі.
  • жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдайға тап болған оқушылар да қаржылай көмек алады.

Бұл шараның негізгі мақсаты – ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін қолдау көрсету. Материалдық көмек киім-кешек, оның ішінде мектеп формасы, аяқ киім, оқу құралдарын сатып алу үшін бөлінеді.

Осы мақсатта әкімдіктер 500 мыңнан астам баланы мектепке даярлау үшін тиісті қаражатты бөлді.

43 мың теңгені қалай алуға болады?

Материалдық көмек ата-аналардың есепшоттарына аударылады. Бұл оларға кез келген дүкенде немесе сауда орталығында киім-кешек пен оқу құралдарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Биыл бір білім алушыға ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес - 43 407 теңге мөлшерінде қаржылық қолдаудың ең төменгі көлемі белгіленді.

Қазіргі уақытта аймақтар мектеп жиынтықтарын сатып алу үшін ата-аналарының немесе олардың уәкілетті тұлғаларының шоттарына қаражат аудара бастады.

Ата-аналар қажетті тауарларды сатып алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қаражаттың нысаналы пайдаланылғанын растайтын құжатты білім беру ұйымына ұсынуы тиіс. Яғни ата-аналар түбіртек көрсетуге міндетті.

Материалдық көмек алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазады.

«Мектепке жол»

1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірінде жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. 

Акция 15 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол жаңа оқу жылына дайындық кезінде аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған. Оған волонтерлар, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және барлық жанашыр азаматтар қатыса алады.

Айта кетейік, акция кезеңінде азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін сенім телефондары, қоғамдық қабылдаулар үздіксіз жұмыс істейді. Акция барысында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде +7 (7172) 74-25-28 жедел желісі және «BALA QORǴAÝ» телеграм-чаты жұмыс істейді. Ол арқылы кез келген адам көмекалу немесе мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін жүгіне алады.

Өзгелердің жаңалығы