42 мың, 150 мың теңге. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттер стипендиясы өсті

20 Қазан 2020, 11:38
5243
Бөлісу:
42 мың, 150 мың теңге. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттер стипендиясы өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев Мемлекеттік стипендияны көтеру бойынша министрліктік аппарат жиналысында баяндап берді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 10 қазандағы берген тапсырмасы бойынша стипендия барлық жоғарғы оқу орындарында 25%-ға өскен болатын. Осылайша, бакалавриат деңгейінде – 26 186 теңге, магистратура деңгейінде – 66 913 теңге, сондай-ақ докторантура деңгейінде – 102 498 теңгеге дейін көтерілді. Бұл стипендия 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлене бастады.

2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап стипендия тағы өсті. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық кеңесінің отырысында берген тапсырмасы бойынша іске асырылған болатын. Бұл стипендия мөлшері болашақ педагогтар және докторантурада білім алушыларға ұлғайтылды, - деді Әділет Тойбаев.

Педагогикалық бағыт бойынша стипендия мөлшері:

• бакалавриат деңгейінде – 42 000 теңгеге өсті;
• докторантурада – 150 000 теңгеге дейін өсті.

Бұл шара педагогикалық бағыттардың тартымдылығын өсіреді деп болжануда. Сондай-ақ, докторантурада өз бағыты бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл стипендия 1 қыркүйектен бастап педагог мамандықтарын даярлайтын жоғарғы оқу орындарында төлене бастады. Елімізде жалпы педагог мамандықтарын дайындайтын 47 жоғарғы оқу орындары бар. Соның 45-і 1 қыркүйектен бастап аталған стипендияны ұлғайтылған мөлшерде төледі. Ал қалған 2 жоғарғы оқу орны бұрынғы мөлшер бойынша стипендия төледі, - деп атап өтті департамент директоры.

Ал докторантура бойынша осы мамандықты оқытатын 55 жоғарғы оқу орны бар. Олардың 47-сі ұлғайтылған стипендия, ал қалған 8 ЖОО бұрынғы деңгеймен стипендия төлеген.


Өзгелердің жаңалығы