42 500 теңге: Халыққа кез келген көмек артық етпейді – көпбалалы ана

18 Сәуір 2020, 16:31
4233
Бөлісу:
42 500 теңге: Халыққа кез келген көмек артық етпейді – көпбалалы ана

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек алған түрлі сала мамандары пікір білдірді.

Әлем елдерімен қоса, Қазақстанды да әуре-сарсаңға салған COVID-19 пандемиясы салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Қиын сәтте халыққа қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді түрлі сала мамандары алып жатыр. Солардың бірі - алматылық Балнұр Мәскенова. Ол 42 500 теңге әлеуметтік көмекті бала күтіміне байланысты демалыста отырған ана ретінде алған.

Төлемді 42500.enbek.кz сайты арқылы өтінім жіберіп алдым. Алғашқы кездері төлем алу кезінде сайтта отырған адамдардың көптігіне байланысты сайттың жұмыс істеуіне салмақ түскені болмаса, басқа қиындықтар болған жоқ. Мұндай әлеуметтік төлем осындай қиын-қыстау кезеңде шын мұқтаждарға сәл де болса көмек. Мысал ретінде өзімнің отбасымды алайын. Біз пәтер жалдап тұрамыз. Екі несиеміз бар. Осы төтенше жағдайға байланысты жолдасымның жұмысы тоқтап тұрғандықтан, 42 500 теңге бізге аз да болса, көмек болды. Ал, елімізде біз сияқты отбасылар баршылық, - дейді Балнұр Мәскенова.

Ал Алматы облысы Текелі қаласында шаштараз болып қызмет ететін Алма Бірімжарова төлемді алуда "Халыққа қызмет көрсету орталығының" мамандары көмектескенін айтты. 

Карантинге байланысты 1 сәуірде жұмыс орнымыз жабылды. Нәпақа тауып отырған жерім болғандықтан, әрі қарай "күнкөріс не болар?" екен деп уайымдап жүрген едім. Елдегі жағдайға байланысты "мемлекет көмек көрсетеді" дегенді естігеннен кейін, жұмыссыз ретінде өтініш бердім. Бұл көмек теңізге тамған тамшыдай болса да, үкімет қиын сәтте халықпен бірге екенін көрсетіп отыр, - дейді ол.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Эльвира Нарымбетова "мынадай қиын шақта халыққа кез келген көмек артық етпейді" деген пікірде. Аудандық ауруханада кіші мейірбике болып қызмет еткен Эльвира бүгінде бала тәрбиесімен үйде отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек алуға жұмысы, тұрақты табысы барлар да өтініш бергені анықталып, бұған қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook-тегі ресми парақшасында 42 500 теңге әлеуметтік төлем алудағы жауапкершілік туралы жазған болатын.

Өзгелердің жаңалығы