Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Карантин талаптарының күшеюіне байланысты 42 500 теңгені шілде айында тағайындау шешімі қабылданды. Тәртіп қалай өзгерді? Кімге автоматты түрде тағайындалады? Өткен қателікті қайталамау қалай жүзеге асырылмақ? Осы сынды сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Оқи отырыңыз.
Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау туралы (ол ұзартылуы да мүмкін) жоспарын ұсынды. Ертең Ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін Денсаулық сақтау министрі түсініктеме береді, - деп жазды ел Президенті twitter парақшасында.
Тоқаев жазғандай, карантин режимі ахуалға байланысты ұзартылды да.
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең Үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет, - деді Тоқаев.
Осылайша, 42500 теңгенің екінші толқыны басталды. 13 шілде күні Президент 42 500 теңге азаматтарға төленетінін мәлімдеді.
Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді, - деп жазды Тоқаев twitter-дегі парақшасында.Президенттің тапсырмасы екінші күні, яғни 14 шілдеде Үкімет отырысында талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезеңінде табысынан айрылуы бойынша әлеуметтік жәрдемақы – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі, - деді А. Мамин.Дәл осы күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов брифинг өткізіп, 42 500 теңгені алудың қағидатын түсіндірді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында коронавирустық инфекцияға байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін қатаң шектеу шараларын енгізу салдарынан табыстарын жоғалтқан мұқтаж азаматтарға ағымдағы жылдың шілде айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылады, – деді ол.
Министр өтініш беру мерзімі қашан басталатынын да айтты.
Біз жұма күні (17 шілде) азаматтардың өтініш беруге мүмкіндігі пайда болады деп үміттенеміз, ал дүйсенбіден бастап төлемдерді тағайындауға кірісуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ біз жекелеген санаттағы азаматтар үшін проактивті форматта төлем тағайындау мүмкіндігін қарастырамыз, – деді Біржан Нұрымбетов.Еңбекминінің басшысы, сонымен қатар, бейресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға біржолғы төлемге өтініш беру үшін БЖТ-ны қайта төлеу міндетті емес екенін атап өтті.
Осы жолы 42 500 теңге кімдерге төленеді?
-жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
-орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
-жеке кәсіпкерлер;
-бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
-карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері;
-азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар.
Кімдер өтініш бере алады?
-жалдамалы жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жіберген жұмыс берушілер;
-карантин кезінде жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар.
17 шілдеде бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші азаматтардан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшеріндегі біржолғы төлем төлеуге өтініштер қабылдау басталды.
Өтініш қалай беріледі?
– egov.kz – "электрондық үкімет" веб-порталы;
– 42500.enbek.kz порталы;
– telegram-боттар;
– Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы;
– homebank.kz порталы.
Автоматты түрде кімдерге беріледі?
Біз төлемдерді проактивті форматта тағайындауды қарастырамыз. Біз қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растауды сұраймыз. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі қадағалай алады, – деді Еңбекмині басшысы.
16 шілдеден бастап азаматтарға sms жіберіле бастады. Келісімін растаған азаматтар SMS жібергеннен кейін бірнеше күн ішінде өтінімді қарау статусын тексере алады.
БЖТ төлеген 1,7 млн-нан астам қазақстандыққа СМС-хабарлама жолданды.
SMS-хабарламаға жауап берген азаматтардың өтінімі автоматты түрде қабылданып, өңделеді.
Проактивті тәсілді қолданбаған немесе SMS алмаған БЖТ төлеушілер проактивті тәсілмен қызмет көрсету аяқталғаннан кейін, яғни 20 шілдеден бастап өтінішті өздері бере алады.
Егер сізге "Uvazhaemiy zayavitel IIN ххххххххххх, v sluchaye poteri dohoda s 5 iyulya soglasni proaktivno poluchit 42500 Esli da - otpravte 1, net -2 v techeniye 5 dn." мәтіні бар sms-хабарлама келіп түссе, осы хабарламаға жауап берген соң бірнеше күн өткеннен кейін сіз eGov.kz порталында egov.kz/services/P6.47/ сілтемесі бойынша өтінімнің статусын тексеруге болады.
Егер sms-жауап жолдау кезінде қате шықса, бұл келесі себептерден болуы мүмкін:
- сіздің теңгеріміңіз 1 бірліктен аз;
- телефон баптауларында қысқа нөмірлерге sms-хабарлама жіберуге тыйым салынған;
- баптауларда мәтіндік хабарламаларға тыйым салынған және mms хабарламалар басымдыққа ие;
- сигналға байланысты проблема;
- ұялы байланыс операторларындағы проблемалар.
Өткен төтенше жағдай кезінде 42500 төлемін алғандардың бірі – Аймарал Қабдешева. Фрилансер болып жұмыс істейтін ол осы жолы өтінішті өзі берген.
Өткен жолы бір рет өтініш беріп, БЖТ төледім. Екінші рет өтінішсіз автоматты түрде түсті. Осы жолы SMS келген жоқ. enbek.kz сайтына кіріп өтініш жібердім. 2 күн сайттың жүктемесі көп болып, әр жарты сағат сайын кіріп отырдым. Әйтеуір, өтініш жіберіліп, "вы имеете право" деп тұрды статус. Ертеңгісін SMS келді, "растаңыз" деп, "иә" деп жібердім. Әзірге ақша түскен жоқ, күтіп жатырмын, - дейді ол.
Ал 20 шілдедегі жағдай бойынша біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 1 млн 55 мың бірегей өтініш қабылданған.
Осылайша, төлем 880 мың адамға тағайындалды.
МӘСҚ-тан төлем алуға өтінімдер бірнеше арналар арқылы қабылданады. 1 миллион 55 мың өтінімнің ішінде:
– 688,7 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берді;
– 271,2 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;
– 50,3 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы;
– 44,8 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш берген.
Азаматтардың санаттары бөлінісінде:
– 688,7 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден берілді (проактивті форматта);
– 15,7 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берді;
– 350,6 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар) бар.
Осыған дейінгі қателік сабақ болды ма? Қауесет тоқтады ма?
Министр Нұрымбетов төтенше жағдай кезінде кеткен қателіктердің барлығы ескеріліп, осы жолы барлық қосымша дұрыс істейтініне сендірді. Бірақ ол тұрғындарды бір рет өтініш беруге ғана шақырды. Өткен жолы жұмыссыздар төлемді алса, бұл жолы алмайтынын айтты.
Егер мен жұмыстан шыққан жағдайда өтініш қалай беріледі? деген сұрақтар келіп жатыр. Бұл жағдайда жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жөн. Сіздерге сол жердегі бос жұмыс орындарды немесе өзге нұсқаларды ұсынады. Егер де ол сәйкес келмесе, 3 күн ішінде жұмыссыз болып тіркеледі. Оларға сақтандыру қорынан басқа төлемді, яғни жұмыссыздарға берілетін төлем төленеді. Ол төлем 6 айға дейін созылады, - деді ол.
Сондай-ақ осы жылы БЖТ төлегендер қатарынан да төлемді ала алмайтындар бар.
Бейресми жұмыс істейтін азаматтардың ішінде БЖТ-ны бір рет төлегендердің ішінен кімдер алмайды? Біріншіден, мемлекеттің бюджетінен зейнетақы, жәрдемақылар, АӘК, сақтандыру қорынан тиісті төлем алып жүргенде 42 500 теңгені алмайды. Олар бейресми жұмыс істегендердің қатарына жата алмайды. Бірақ олар ресми жұмыс істесе немесе ЖК-сы болса, өтініш бере алады. ТЖ кезінде бірыңғай жиынтықты төлеген млн-нан астам адам болған. Бірінші рет бейресми жұмыс істегенін растады. Ол кісілермен біраз жұмыс істедік. 70 мыңға жуығын жұмыспен қамту шараларына тарттық. Егер олар төтенше жағдай кезінде БЖТ-ны бір рет төлеп, қазір жұмыспен қамту шараларына тартылып, жұмыс істеп жатса, олар 42 500 теңгені ала алмайды, - деді ол.
Өткен жолы бейресми жұмыс істедім деген кез келген студент әлеуметтік төлемге ие болды. Бұл жолы студенттер төлемнен қағылады.
Бұл бойынша арнайы санат жоқ. Яғни, студент болғаны үшін 42 500 теңге берілмейді. Студент жалданып жұмыс істеп жатса, жұмыс берушісі өтініш береді. Жеке кәсіпкер болып, ай сайын БЖТ-ны төлеп тұрып, карантинде кәсібі тоқтаса, 42 500 теңгені алады. Осы күнге дейін еш жерде тіркеуде болмай, ресми жұмыс істемей, бейресми жасадым деген студенттер төлемді ала алмайды.Заңнама бойынша студенттер экономикалық белсенді халықтың қатарына жатпайды.Оларды жұмыссыз ретінде тани алмаймыз. Ол кісілер жұмыссыз күштің санатына жатпайды, - деді ол.
Бұл жолғы шараға сақтандыру қорынан қанша қаражат бөлінетіні белгісіз. Себебі, өтініш 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Министр атағандай, өткен жолғыдай "біз үлгермей қалдық, уақыт аяқталды" деген сөздер болмауы үшін мерзім ұзартылған.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы Бауыржан Бейсенбаев "Желмая" жобасында көмек тек мұқтаж жандарға көрсетілуі керегін айтты.
Яғни, кім көрінген 42 500 теңгені алып кете алмайды.
Төлемді тиісті адамдардың барлығы алады. Ешкім көлеңкеде қалмайды. Жұмыс беруші өтінім тапсырған кезде қызметкерінің төлемге мұқтаж екенін растап, дәлелдейді. Ал жалақысы тоқтамаған жұмысшыға өтінім берсе, бұл жауапкершілік жұмыс берушіге жүктеледі. Төлемді заңсыз алған тұлғаларға мемлекеттік сақтандыру қоры арыз беруі мүмкін.Олар сотқа да жүгінуі мүмкін. Сондықтан төлемді тек мұқтаж жандар алса екен дейміз, - деді ол.
42 500 теңгені алу бойынша қауесет тарататындар әдеттегідей қарап жатпады. Министрлік әлеуметтік желіде шыққан фейк жаңалықтарды жоққа шығарумен болды. 42 500 төлемін алу тәртіптері шықпай жатып 15 шілде күні желіде қауесет тарады.
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлемдерге өтінім қабылдау үшін сайттың іске қосылғаны туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.Біржолғы төлемді тағайындау үшін өтініштерді 17 шілдеден бастап қабылдау жоспарланып отыр. Біржолғы төлемді тағайындауды 20 шілдеден бастау жоспарланып отыр.Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауын және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуын сұраймыз.Жалған ақпаратты тарату заң бойынша жазаланатынын еске саламыз, - деп шырылдады министрлік.
Жазаға тартылады дегенге қарамай, 17 шілде күні тағы бір жалған ақпарат тарады.
Мессенджерлерде 50 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы тағайындау үшін екінші деңгейдегі банктердің әртүрлі шоттары арқылы бірыңғай жиынтық төлемді төлеуді жүзеге асыру қажеттілігі туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда БЖТ-ны міндетті түрде аударуға "байланыстырылған" жәрдемақылар, төлемдер жоқ деп хабарлайды, - деп министрлік тағы да жоққа шығарды.
Халық арасында 42 500 теңгені алғандарға несие берілмейді деген сөз де шықты.
Бұл ақпаратты kaspi.kz ресми өкілі жоққа шығарды.
Әрине, төлем карантин кезінде жалақысы мен табысынан айырылғандарға тағайындалады. Бұл жерде банктердің қатысуы орынсыз.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында пандемия кезінде қателік көп жіберген ведомство басшылары мен кейбір аймақты жұмыстан босату ұсынылғанын айтты. Алайда Президент былай деді:
Ашығын айта берейін. Осы Үкіметтің кеңейтілген отырысына дайындық барысында маған кейбір аймақтағы және ведомстволардағы бірінші басшыларды жұмыстан босатуды, тіпті бүкіл Үкіметті отставкаға жіберу туралы кеңес берілген еді. Қоғам бұл әрекетіңізді дұрыс қабылдайды, ұпай жинап аласыз дегендер болды. Алайда, маған қазір саяси ұпай қажет емес. Публикаға ойнағанды құп көрмеймін.
Тоқаев осы кеңейтілген отырыста олқылықтардың орнын толтыру үшін Үкіметке 2 апта уақыт берді. Ол мерзімнің бір жарым аптасы өтті. Бүгінгі Үкімет отырысында ведомство мен қала басшылары карантин шектеулері арқасында эпедемилологиялық жағдай тұрақтанып жатқанын айтты. Есеп бойынша бәрі жақсы. Іс жүзінде қалай екенін уақыт көрсетеді.