4 мыңнан астам маман салалық журналистика бойынша тәжірибеден өтті – Умаров

3 Наурыз 2022, 16:40
1517
Бөлісу:
4 мыңнан астам маман салалық журналистика бойынша тәжірибеден өтті – Умаров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 4 мыңнан астам маман салалық журналистика бойынша тәжірибеден өтті.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.

Министрдің сөзінше, 2021 жылы ведомство құқығы бұзылған журналистердің құқығын қорғау регламентін қабылдады. Құжат қоғам өкілдерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және тиісті органдармен бірлесіп, мұқият талқыланды.

4 мыңнан астам маман салалық журналистика бойынша тәжірибеден өтті. Дәлірек айтқанда, медициналық, экологиялық, діни және IT салалары бойынша тәлім алды. Журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілді. Салауатты өмір салтын насихаттайтын әлеуметтік жарнамаларды отандық телеарналарда көрсету қағидалары нақтыланды, - деп атап өтті Асқар Умаров.

Ақпарат министрлігінің басшысы саладағы басты мәселенің бірі – отандық бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді қолданылуы екенін атап өтті.

Былтыр алғаш рет «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» сөздігі жарық көрді. Менің ойымша, бұл жобаның қазақтілді БАҚ өкілдеріне пайдасы көп болады. Цифрлы телерадионы енгізу жобасын іске асыру былтыр да жалғасты. Бүгінде 11 өңір цифрлы телевизияға толықтай көшті, - деді ол.

Умаров баяндағандай, Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы отандық телесериалдар, деректі тарихи фильмдер өндірісін ұлғайтуға ден қойдық. Телеарналардан Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтпаев секілді ұлт зиялылары туралы сериалдар көрсетіліп, көрермен көзайымына айналды.

Әлеуметтік маңызы зор жобалардың арасында «Balapan» телеарнасы жанынан ашылған ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебінің жұмысын айтқым келеді. Бұл жобаның іске асырылуы биыл да өз жалғасын табады, - деп толықтырды Асқар Умаров.

Өзгелердің жаңалығы