360 әулиелі Маңғыстаудың 365 күні

14 Желтоқсан 2021, 14:55
3414
Бөлісу:
360 әулиелі Маңғыстаудың 365 күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында еліміздің 14 облысы мен ірі қалалары ауқымды өзгеріс үстінде.

Республикадағы ерекше облыстардың бірі – Маңғыстау. Бүгін өңірде жыл басынан бері қандай істер атқарылғанына шолу жасап көрдік.

Маңғыстау үш ай бойы «жасыл» аймақта

Әлемдік мәселеге айналған коронавирустық инфекцияның таралуы өңірге өз әсерін тигізбей қоймады. Маңғыстау облысы 20 қыркүйектен бастап «жасыл» аймақта. Өңірдегі ахуал бірқалыпты. Соңғы тәулікте аймақта COVID-19 жұқтырғандар саны 23424 адамды құраса, қайтыс болғандар мен жазылғандар саны тіркелмеген. Аймақ медициналық ұйымдар жеткілікті дәрілік препараттар және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтылып келеді. Осы жылдың 25 қарашасы жағдайына I компонентпен – 179 785 (46,3%), II компонентпен – 157 235 (41%) адам екпе алған. Бұған қосымша барлық қажетті ресурс жұмылдырылып, күшейтілген режимде жұмыс жалғасып жатыр. 58 жылжымалы бригада үйден вакцина салдыру жұмыстарын жүргізуде (4481 адам егілді, созылмалы ауруы бар адамдар, зейнеткерлер, мүгедектер, үйде вакцина алғысы келетін басқа контингенттер), мониторингтік топтардың жұмыстары белсенді түрде жалғасып келеді.

Биыл Маңғыстау облысына 474 млрд теңге инвестиция тартылған

Маңғыстау облысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында толағай табыстарға жетіп отыр. Осы жылдар ішінде жалпы өңірлік өнім 2,2 млрд теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін өскен.

Тәуелсіздік жылдарында халық саны 2,2 есе өсіп, 340 мың адамнан 735 мың адамға дейін жетті. Халық санының өсуіне қарқынды табиғи өсумен қатар, отандастардың тарихи отанына оралуы да әсер етті.

Халық санының өсуіне байланысты жаңа елді мекендер мен Мұнайлы ауданы құрылды. Бұл - Тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Жарлығымен құрылған алғашқы аудан.

Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, осы жылдары 450 млн тонна мұнай өндірілді. Мәселен, 1991жылы 14,2 млн тонна қара алтын өндірілсе, 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 16,8 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.

30 жылда өңірге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Егер 1991 жылы өңір экономикасына 1,3 млн теңге инвестиция құйылса, осы жылдың 10 айдағы көрсеткіші 474 млрд теңгеге жетті.

Алдағы 5 жылда 60 мың жұмыс орны ашылады

Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары өңірдің өркендеуіне тың серпін бермек.

Кешенді жоспарда 214 іс-шарадан, оның ішінде экономиканы дамыту аясында – 87, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша – 48, әлеуметтік сала мен экологияда 66, азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде 13 іс-шара қарастырылған.

Кешенді жоспардың жалпы бюджеті 2,1 трлн теңге. Оның ішінде 71% жеке инвестицияның үлесі (бюджеттік қаражаттың көлемі 457 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет – 339 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд теңге).

Кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы өңірдегі келесідей нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:

- 2025 жылға қарай облыстың жалпы ішкі өңірлік өнімінің көлемін 3,1 трлн теңгеден 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайту;

- 2025 жылы өңірге келетін туристер санын 750 мыңға дейін арттыру;

- Халықтың нақты табысын ұлғайту.

Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдаған кешенді жоспар өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Кешенді жоспар аясында алдағы 5 жылда 60 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр, - деді Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстауда 153 көпбалалы отбасы баспаналы болады

Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде Маңғыстау облысында 153 көп балалы ана жаңа пәтерлерге қол жеткізеді.

Қазіргі таңда кейбір аудандарда пәтерлердің алды беріліп жатыр.
Баспаналы болатындардың қатарында Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылында тұратын бес баланың анасы Зағипа Елтіжиева да бар. Олар екі апта бұрын өзінің көптен күткен 5 бөлмелі үйіне қоныстанды. Көпбалалы аналар дән риза.

Облыстық Құрылыс басқармасы мамандарының айтуынша, Маңғыстау облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көп балалы аналарға бастапқы тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Пәтерлер Ақтау қаласы мен Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған және Мұнайлы аудандарынан сатып алынады. Пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы ауданы - 8 400 шаршы метр.
Соның ішінде:

- Ақтау - 54 пәтер;

- Маңғыстау ауданы - 24 үй;

- Қарақия ауданы - 30 үй;

- Түпқараған ауданы - 15 үй;

- Мұнайлы ауданы - 30 үй.

Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру келесі жылы да жалғасын таппақ. Шамамен 500-ге жуық көп балалы ана пәтерлі болады деп жоспарлануда.

Экологиялық мәселе. «Қошқар-Атада» жасыл аймақ құрылады

«Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру бойынша 1-кезеңді іске асыруға 2021 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.

Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Қазір қалдық қоймасының 100 гектарына 300 мың текше метр топырақ себілді. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 259 га жер қазу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр, - деді әкім.

Қалдық қоймасындағы микроклиматты тұрақтандыру мақсатында соңғы 5 жылда 88,2 гектар жерге ұзындығы 8,8 шақырым, ені 100-150 метр 238 750 сексеуіл мен жүзгін отырғызылған. Сондай-ақ биыл 40 гектар жерге 100 мың дана қара сексеуіл егу басталды. Бұл жұмыстар 2021-2023 жылдарға есептелген.

2025 жылға дейін «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасының айналасында ауданы 150 га жасыл қорғаныш аймағын жасақтау жоспарланған. Мұнда жалпы ұзындығы 15 шақырым, ені 100-150 метр болатын 400 мың қара сексеуіл көшеттері отырғызылады, - деп атап өтті өңір әкімі Н.Ноғаев.

Өңірде ауызсу проблемасы – басты назарда

Облыстың дамуы мен халық санының қарқынды өсуіне орай өңірде суға деген сұраныс артып келеді. Бүгінгі күні облыс 150 мың текше метр су тұтынады. Жаз мезгілінде 51 мың текше метр су тапшылығы байқалады. 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік 250-260 мың текше метрге жетеді деген болжам бар. Президенттің халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыста 2025 жылға дейін жалпы қуаты 286 мың текше метр суды тұшытатын 9 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Биыл Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытатын зауыт іске қосылады. Инвестициялық жобаның құны - 21,4 млрд теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін «Астрахань-Маңғыстау» су құбыры арқылы келіп түсетін 10 мың текше метр су Жаңаөзен қаласына, Бейнеу және Жетібай ауылдарына жіберіледі.

Сондай-ақ «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталды. Бұл жұмыстар 2022 жылы аяқталады. Жергілікті атқарушы билік аталған зауыт өндіретін су көлемін тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазір 3-ші кезеңін жүзеге асыру үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін Кендірлі аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауыты салынып жатыр.  «ҚазМұнайГаз» компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба 2024 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясы аумағында тәулігіне 24 мың текше метр су тұшытатын қондырғы салынбақ.

Форт-Шевченко қаласында қуаты тәулігіне 5 мың текше метр су, Ақшұқыр ауылы мен Сайын Шапағатов ауылдық округінде қуаты тәулігіне 10 мың текше метр су болатын қондырғы салынады. Ал Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында тәулігіне 80 мың текше метр су өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Ақтау қаласында қуаты тәулігіне 20 мың текше метр теңіз суын тұшытатын зауыттың құрылысы басталды.

Сонымен қатар Президент 2022 жылға дейін 12 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл орталықтандырылған сумен 2 ауыл қамтылады: Бекі және Басқұдық. Нәтижесінде елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету 96%-ға дейін жеткізілетін болады. Қалған 10 ауылды ауызсумен қамтуды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Білім саласындағы өзгерістер

Білім беру саласында осы оқу жылында 167 мың оқушы мектептерде білім алып жатыр. Оның ішінде 18 мектепте 5,7 мың оқушы үш ауысымда оқиды және 41 мектепте 10 мыңға жуық оқушы орнының тапшылығы бар. 
Биыл жаңа оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған бала саны 19 мың бала.

Өңірде туу коэфициенті жоғары. Соңғы 5 жылда оқушы контингенті 47 мың адамға артса, алдағы 5 жылда олардың саны 207 мыңға жетеді деп күтілуде.

Биыл жаңа оқу жылына 1500 орындық 2 мемлекеттік мектеп және 1385 орындық 6 жеке меншік мектеп пайдалануға берілді. Білім ордаларының санын көбейту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігіне басымдық берілген. Болашақта осы бағытта жалпы 5400 орындық 4 мектепті салу көзделуде.

Қуаңшылық. Маңғыстауда шаруашылық операторлары 648 миллион теңге үнемдеген

Маңғыстау облысында қысқы мал азығының қорын қалыптастыру үшін 77 мың тонна шөп пен 53 мың тонна жем қажет. Бүгінде өңірге 70 мың тонна шөп пен 41 мың тонна жем тасымалданды. Барлық ауданда жем-шөп жинау базалары жасақталған.

Биыл қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, Үкімет қорынан ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 6 776 жеке қосалқы үй шаруа қожалығы мен 733 шаруа қожалығына қаржылай көмек көрсетілді.

Бұдан басқа, жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге қайтарымды қаражат бөлініп, 14 900 тонна шөп және 9 900 тонна жем сатып алынды. Мал азығы шаруаларға нарықтан 10-15% төмен бағада ұсынылуда. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Президент тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы арқылы жем-шөпті тасымалдау құнына 75 пайыздық жеңілдік берілді. Ауыл шаруашылығы операторлары  800 млн теңге орнына 152 млн теңге төледі, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Өзгелердің жаңалығы