352 жобаға қолдау көрсетілді

22 Қазан 2022, 12:40
878
Бөлісу:
352 жобаға қолдау көрсетілді
PHOTO

Өңірде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жалпы несие сомасы 5,6 млрд теңгені құрайтын 352 жобаға қолдау көрсетті, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Биылғы жылдың қазан айына дейін облыс бойынша 15,25 млрд теңгеге 368 субсидиялау шарты жасалды.  Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз туры барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының директоры Гүлнара Әлмұханова мәлімдеді. Ол БАҚ өкілдерін Көкшетауда мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылған үздік кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Мемлекеттік әріптестік бағдарламасы аясында салынған «Viamedis» жеке клиникалық кешені жаңа заманғы медициналық құралдармен жабдықталған.

Бас дәрігер Бақтияр Қоңқабаевтың айтуынша, клиникада травматологиялық, нейрохирургиялық операция, инсульттан кейінгі пациенттер, аутизмі бар балалар оңалтудан өтеді. 

Сонымен қатар қала мен облыс тұрғындары медициналық сақтандыру аясында тегін оңалтудан өте алады. 20 төсектік қордан тұратын күндізгі стационарда пациенттер барлық емдеу процедураларын алады, бұл – лазерлік терапия, магниттік терапия, инъекция және т.б. болуы мүмкін. Клиника Ұлыбритания, Оңтүстік Корея өндіретін медициналық құралдармен жабдықталған, гидротерапия ванналары бар аймақ, бассейн бар. Сондай-ақ инсультпен ауыратын науқастар арасында топтық және жеке сабақтарға арналған әлеуметтік бейімделу кабинеті жұмыс істейді. Науқас аурудың салдарынан жоғалған барлық дағдыларды игеруге үйренеді, – деп түсіндірді бас дәрігер.

Айта кетейік, клиникалық-оңалту орталығын қаржыландыру жеке қаражат және зайым капиталы есебінен де жүзеге асырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін кредиттік қаражат тартылды. 

Ал «Даму» қоры несие сомасының 50% мөлшерінде кепілдік беріп «Viamedis» ЖШС жобасына қолдау көрсетті. Сондай-ақ, қор «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялады. Енді несие бойынша кәсіпорын 15%-дан тек 6%-ды төлейді, - деп нақтылады «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының директоры Гүлнара Әлмұханова.

«New star» - 2018 жылдың қыркүйегінде ашылған жеке тұлғаны дамыту орталығы. Бүлдіршіндерді мектепке даярлауға, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға маманданған. 

Балалар домбыра, гитара, фортепианода ойнаумен, сондай-ақ вокал хореография, арт-терапиямен айналысады. Орталықта жазу мен сауаттылыққа ғана емес, қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге де көңіл бөлінеді. Жобаның бірегейлігі – балалардың шығармашылығы әлеуметтік желілерде жарияланады. Балалармен тікелей жұмыс істейміз, шағын сценарийлер береміз, олар дайындалады, содан кейін кадрға шығады. Сабақтар күн сайын әлеуметтік желіге таратылады, – дейді орталықтың арт-директоры Әсет Байжолов.

2020 жылы «New star» тұлғаны дамыту орталығы жаңа жобаларды іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктен жылдық 13,74%-бен 60 ай мерзімге 50 млн теңге сомасына несие алды. «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 25 млн несие бойынша кепілдік және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсынды. Енді компания несие бойынша 6% төлейді, айырмашылықты мемлекет субсидиялайды. Несиелік қаражат әкімшілік ғимарат сатып алуға бағытталды. Ғимаратта жалпы саны 150 балаға арналған төрт оқыту сыныбы жұмыс істейді.

Көкшетауда кәсіпкер Мадина Досымова ашқан «RaiThai» SPA-салоны қалада тай массажын ұсынатын бірегей орталық. Мамандардың айтуынша, тай массажын кейде «йога массажы» немесе «пассивті йога» деп атайды. Өйткені массаж техникасы керіліп, созылуды және буындармен жұмыс істеуді қамтиды. Әдіс ішкі энергияға жауап беретін денедегі арнайы нүктелерді белсендіруге негізделген. 

FILLIN Group желісі жобасының негізін қалаушы Әнуар Досымов спа-салонның қызметіне тоқталды.

Біз бұл жобаны «Даму» қорының қолдауымен іске қостық. Мұнда шамамен 150 млн теңге салынды, оның 85 млн теңгесі жөндеуге, 62 млн теңгесі жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалды. Біздің салонда скраб, пилинг сияқты қызметтерді қамтитын спа-бағдарламалар іске асырылады, сондай-ақ массаж пакеттерін ұсынамыз, – деп бөлісті Әнуар Досымов. 

Салон заманауи стандарттарға сай жабдықталған: киім ауыстыратын, жуынатын, хамам, тай массажы, шай бөлмелері бар.

«Даму» қоры шағын және орта бизнестің дамуына елеулі үлес қосуда. Қордың демеуімен 25 жыл ішінде өңірде көптеген бизнес-идеялар, түрлі кәсіпкерлік жобалар іске асырылды. 

Өзгелердің жаңалығы