35 жылдыққа тарту: Астанада «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті

«Астана Опера» сахнасында сақ патшайымы Томиристің өмір жолын арқау еткен ұлттық балеттің әлемдік премьерасы сахналанды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі  Мәдениет және ақпарат министрлігі 27 Қараша 2026, 11:04
27 Қараша 2026, 11:04
116
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында елордадағы «Астана Опера» театрында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті. Екі актілі қойылым сақ патшайымының өмір жолын арқау етіп, азаттық, отансүйгіштік пен адалдық құндылықтарын дәріптейді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Томирис» балеті – театрдың шығармашылық ұжымы арнайы әзірлеген тұңғыш толыққанды екі актілі ұлттық балет. Қойылым Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанды.

Балеттің музыкалық сүйемелдеуін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев жазған. Қоюшы хореографы – Сұлтанбек Ғұмар, либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев.

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қойылымда классикалық балет пен қазақ биінің элементтері, ұлттық әуендер және заманауи хореография өзара үйлесім тапқан. Сахнаның көркемдік безендірілуі мен жарық беру тұжырымдамасын жапониялық сценограф Йоко Сеяма әзірледі. Ал костюм суретшісі Дариға Тайшықова сахналық киімдерді жасауда сақ дәуірінің ерекшеліктеріне сүйенген.

Балеттің басты кейіпкері – тарихта ерлігімен танылған сақ патшайымы Томирис. Оның тағдыры арқылы қойылым авторлары ел тәуелсіздігі, туған жерге адалдық және азаттық жолындағы күрес тақырыптарын сахна тілімен жеткізеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Әлемдік премьераны Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Эстонияның Мәдениет министрі Хейди Пурга, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президенті Витольд Банька мен бас директоры Оливер Неггли, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері, Құрылтай депутаттары, отандық және шетелдік мәдениет пен өнер қайраткерлері тамашалады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Спектакльден кейін Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев театр ұжымымен кездесіп, шығармашылық топты премьерамен құттықтады. Ол ұлттық мәдени мұраны танытатын төл туындыларды сахналаудың маңызын атап өтіп, қойылымды әзірлеуге атсалысқан авторларға, хореографтарға, әртістер мен театр мамандарына алғыс білдірді.

«Томирис» балетінің сахналануы «Астана Опера» театрының репертуарын жаңа ұлттық туындымен толықтырып, қазақ тарихын балет өнері арқылы танытуға мүмкіндік берді.

Наверх