33 пен 36 жастағы сотталғандар мектепті аяқтап шықты

Кезінде оқуды тастап кеткен азаматтар түрмеде жүріп аттестат алғалы жатыр.

Бүгiн 2026, 19:32
АВТОР
 Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Бүгiн 2026, 19:32
Бүгiн 2026, 19:32
121
Фото: Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Қызылордада сотталған азаматтар мектепті аяқтап шықты.

Тағдырдың түрлі сынағына тап болып, кезінде мектеп қабырғасындағы білімін аяқтай алмаған қос Руслан араға жылдар салып, 11-сыныпты тәмамдап отыр. Бүгінде олардың бірі – 36 жаста, екіншісі – 33-те. Екеуі де өткен өміріне өкініш білдіріп, бостандыққа шыққаннан кейін жоғары білім алып, жаңа өмір бастауды армандайды.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінде сотталған азаматтардың білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда Қызылорда қалалық білім бөлімінің “Қызылорда қаласының жалпы білім беретін кешкі мектебі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мұғалімдері тұрақты түрде сабақ береді. Қазіргі таңда мекемеде жалпы орта білімі жоқ 16 сотталған білім алуда. Биыл олардың үшеуі 11-сыныпты аяқтап, жақын күндері орта білім туралы аттестат алмақ.

Солардың қатарындағы қос Русланның өмір жолы әртүрлі болғанымен, бүгінгі мақсаты ортақ – өткен қателіктерден сабақ алып, өмірді жаңадан бастау. Олардың бірі ұрлық жасағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісі қаржылық пирамида құрғаны үшін бес жылға сотталған. Алайда бүгінде олар уақытты тек жазасын өтеуге емес, өздерін өзгертіп, болашаққа жаңа қадам жасауға арнап жүргендерін айтады. Екі азамат та мекеме әкімшілігі жұмысқа орналастырған жеке кәсіпкерлікте еңбек етеді. Жұмыс пен оқуды қатар алып жүрген олар білімнің қадірін есейгенде тереңірек түсінгендерін жасырмайды.

Жастық шақта көп нәрсенің мәнін бағалай бермейді екенсің. Кезінде оқудың маңызын түсінбедік. Қазір өмірге мүлде басқаша қараймыз. Бас бостандығымнан айырылсам да, мектепті аяқтап жатқаныма қуаныштымын. Бостандыққа шыққан соң жоғары білім алып, жаңа өмір бастағым келеді. Білім алудың ешқашан кеш еместігіне көзім жетті, – дейді сотталған азаматтардың бірі.

Мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Бауыржан Сәметовтың айтуынша, сотталғандарды қайта әлеуметтендіруде білім мен еңбектің маңызы зор. Сондықтан түзеу мекемелерінде білім беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 127-бабына сәйкес, орта білімі жоқ 30 жасқа дейінгі сотталғандар мектепте білім алуға міндетті. Ал 30 жастан асқан азаматтар өз еркімен оқуын жалғастырып, мектепті тәмамдай алады, – дейді Бауыржан Сәметов.

Наверх