300-ге жуық азамат үй жануарларын ұстау ережесін бұзды

24 Сәуір 2023, 16:39
1458
Бөлісу:
300-ге жуық азамат үй жануарларын ұстау ережесін бұзды
Фото: mnews.kz

Ертіс өңірінде 300-ге жуық үй жануары иесі әкімшілік жауапкершілік арқалады. Олар үй жануарларын ұстау ережелерін бұзды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Мамандардың айтуынша, бір көпқабатты үйден ондаған ит-мысық тұруы мүмкін. Азаматтар сүйікті жануарларын серуендеуге шығарған кезде қарапайым ережелерді сақтамайтын кездер жиі кездеседі.

102 нөміріне көптеген шағымдар түсіп жатады. Мәселен, ит далада тұмсық торсыз жүруі мүмкін. Төбет агрессивті мінезді болса, тұрғындардың зәресін ұшыратыны сөзсіз. Осындай жағдайда полицейлер әкімшілік хаттама толтырады. Сонымен қатар, санитарлық талаптарды орындамайтын ит-мысық иелеріне қатысты қоңраулар көптеп түседі. Осы тектес жағдайда, яғни, санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмаса, 10-20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы әбден мүмкін, - дейді тәртіп сақшылары.

Ал иесіз ит-мысықтарға қатысты ереже басқа. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айдар Уәлиевтің айтуынша, қожайыны жоқ жануарларды алдымен ауланады. Иесі табылмаған жағдайда, өзге шара қолданылады.

Биыл қаңғыбас жануарларды таңбалау және екпе салуға бюджеттен 55 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 6 млн теңгесі бұралқы ит-мысықтарды аулауға жұмсалады. Конкурстық шаралар ұйымдастырылып, қызмет көрсетуші ұйымдар анықталды. Тұрғындар төрт аяқтыларын бірінші қыркүйекке дейін тіркеу керек. Егер үлгермесе, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, - дейді басқарма басшысы.

Аймақта жыл басынан бері 600 бұралқы жануар ұсталған. Олардың ішінде болған 40 жануардың иесі табылып, қайтарылды.

Өзгелердің жаңалығы