26 сәуірден бастап ХҚКО кейбір қызметтерді тоқтатады

25 Сәуір 2023, 06:29
1030
Бөлісу:
26 сәуірден бастап ХҚКО кейбір қызметтерді тоқтатады
Фото: gov.kz

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда 26 сәуірден бастап бірқатар қызмет түрі тоқтайтынын мәлім етті деп хабарлады BAQ.KZ.

26 сәуір мен 9 мамыр аралығында еліміздің ХҚКО-ларында жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлікті тіркеу және жылжымайтын мүлік нысандарын техникалық тексеру саласында қызмет түрлерін көрсетпейді.

Қағаз жеткізу қызметтің орындалуы әрі құжаттарды жеткізу мерзімінің ұзақтығына байланысты ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтерді қабылдау eGov.kz-тен бұрын тоқтатылады. Қызметке 26 сәуірге дейін тапсырыс берген азаматтар нәтижені көрсетілген мерзімде ала алады.

Сонымен қатар 2-9 мамыр аралығында eGov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлікті ресімдеуге әрі техникалық тексеруге құжаттарды онлайн қабылдау, нотариустар, салық жүйелері арқылы, екінші деңгейдегі банктер және Әділет министрлігінің атқарушы органдарының жүйелері бойынша қабылдау тоқтатылады. Одан бөлек, көрсетілген кезеңде азаматтар тұрғын үй бағдарламаларына байланысты қызметтерді пайдалана алмайды.

«Жаңа жүйеге көшу мереке күндері ұйымдастырылады. Айта кетейік, ЖМБМК-ға көшу кезінде жер учаскелерін ресімдеуге байланысты барлық жағдай кезең-кезеңімен цифрланады. Одан бөлек, мемлекеттік қызметтердің барлық спектрін көрсету, оның ішінде жаңа және қолданыстағы учаскелер бойынша түзету енгізу мүмкіндігі көзделген. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қаупіне жол бермеу мақсатында жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті ресімдеу заңнама тұрғысында қарастырылады», – деді Корпорацияның басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Өзгелердің жаңалығы