257 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін. Депутат ғылым мен ғалымның жағдайы жайлы айтты

5 Желтоқсан 2023, 09:01
3456
Бөлісу:
257 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін. Депутат ғылым мен ғалымның жағдайы жайлы айтты
Фото: Мәжіліс

Мемлекеттің дамуы үшін ғылым саласының маңызы зор. Бүгінде Қазақстан ғылымы қалай дамып жатыр? Қай салада артта қалып келеміз? Ғалымдарға қандай жағдай жасалған? Ғылым саласын қайтсек дамытамыз? Осы және өзге де сұрақтарға Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғылым мен ғалым

Ғалам толы ғылым. Адамзаттың бір миссиясы ғылымды игеру. Үдеріс пен өзгерістің бәрі ғылыммен өмірге енеді. Оған себепкер ғалымдар болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: біріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында озық қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыруын кезең-кезеңімен ұлғайту, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жыл сайын грант бөлу арқылы жағдай жасауды ұсынды. Сан-салалы ғылымның зерттеулері де қоғамдық өндіріске, қаржыландыру көздеріне, мақсатына, халық пен шаруашылыққа қажеттілігіне байланысты жүргізіледі. Яғни, мақсатына қарай ғылыми зерттеулер үш түрге бөлінеді. Соның бірі жаңа тәсілдерді анықтау арқылы көп салада қолданылатын адамдардың қажеттілігіне қарай жаңа технология қалыптастырып, жаңа техниканың пайда болуына бағытталған қолданбалы ғылым, - деді депутат.

Оның сөзінше, Президенттің сайлауалды бағдарламасында жоғары білім мен ғылымның дамуына қатысты міндеттер 6 ұлттық іс-қимыл жоспары, 3 тұжырымдама, 3 ұлттық жоба және Президенттің 19 тапсырмасымен жүзеге асырылады. Ғылымға берілген басымдықтың нәтижесінде кенжелеп қалған сала дамығалы тұр.

Бірінші кезекте «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Сонымен қатар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Отандық ғылымды қаржыландыру 70 пайызға көбейді. Алдағы уақытта ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын ғылымға жұмсау жоспарланып отыр. Мұның өзі осымен шектеліп қалмайтын үлкен көмек. Капиталды ғылымға салып, ғылымның арқасында еңсесін тіктеген елдер баршылық. Бұрын соңды болмаған қолдауды сезінген ғалымдар мен зерттеушілердің қатары артып келеді. Биыл сала қызметкерлерінің орташа жалақысы 257 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін жетті. Ынталандыру шараларының нәтижесінде ғалымдарда қызушығылық артып, айына 4 млн теңге табысқа шыққандары да бар, - деп түсіндірді Қайрат Балабиев.

Сонымен қатар ғылымның кадрлық әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін ғылыми қызметкерлер саны 1,5 есе, ал жас ғалымдар 50 пайызға көбейтілмекші.

Кеңес өкіметінің кезінде ғылыми қызметкерлердің дәрежесіне қарай, еңбегі еленетін. Ең жоғары еңбекақы, сыйақы, пәтер, әлеуметтік пакет берілетін. Отан соғысының тұсында ғалымдар мен ғылыми жобаларды ұрлау белең алған. Әсіресе атом бомбасын жасайтын ғалымдарға таласып, одан қалса дайын жобаны қолды ету үшін қарсы тараптар барын салған. Сұраныс бар жерде бәсекелестік оянады. Сондай аласапыран уақытта да ғалымдар табыссыз да, жұмыссыз да қалмаған, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты атап өткендей, мемлекет ғылым мен білім саласына көмегін аямайды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президент тапсырмасына сәйкес ғалымдардың еңбектерін бизнестің дамуына пайдалану арқылы мол пайдаға кенелтіп, "миллионер ғалымдар" шығаруға болатынын айтады.

Ол рас. Біздің ғалымдардың еңбектерінің игілігін шет мемлекеттер де көрді. Енді ғалымдардың отандық ғылымды әрі дамытып, әрі табысты болғаны жақсы емес пе? Айта кетерлігі, "Жас келсе іске" дегендей, Саясат Нұрбек сияқты білімді әрі еті тірі жастардың игі істің басы-қасынан табылуы Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару ісі мен кадрлық саясатының оң бағасы деп білеміз, - деп түсіндірді Балабиев.

Өткен 30 жылда қазақстандық ЖОО нарыққа бейімделіп, ғылым мен технологияға аса қажетті мамандықтарға баса мән бермеді. Негізі университет басшылығына ғылыми дәрежесі жоғары ғалым әрі менеджерлерді тағайындау қажет. Себебі маманның көбі университеттен шығады. Сол себепті оқу орындарының басшылығы мен оқытушылар құрамын реттеу керек. Президент STEM жүйесін жетілдіруді тапсырды. Мұндай білім жүйесі жаратылыстану, технология, инженерия және математика пәндерін біріктіріп, ғалымның жан-жақты дамып, олардың қатарының көбеюіне септігін тигізеді. Сондай-ақ халықтың 1 пайызын STEM жүйесімен білімге тарту арқылы ішкі жалпы өнімге 50 млрд АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелген мысалдар да бар.

Қазақстан ғылымы мен әлем ғылымы

Әлем ғылымнан жарысқа түсіп, бірінен-бірі озып жатқан қазіргідей заманда жаңа қазақстандық ғалымдарға қол қусырып қарап отыру ұят болады. 3 жыл бұрын Қытай ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстарға 456 млрд доллар жұмсады. Сөйтіп бір жылдың жүзінде әлемдік инновациялық индекс рейтингі бойынша 11-орынға көтеріліп, Қытайдың ғылыми-техникалық кластері Францияны басып озды. Бір Қытайдың өзінде әлемдік 100 ғылыми-техникалық кластердің 21 түрі жұмыс істеп тұр. Өйткені үнемі ғылыми жаңалық ашу шарт емес, бар ғылымды ұқсатып бағу да қолданбалы ғылымның озық үлгісіне айнала алады. Сол сияқты АҚШ, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Франция және Ұлыбритания ғылыми зерттеулерді стратегиялық маңызды жоспар етіп алған. Алпауыт мемлекеттер тек жергілікті ғалымдардың көмегіне жүгінбейді. Қайта керісінше шетелдік ғалымдар мен ақылды адамдарды өздеріне көптеп тартады. Бұл әлемдік тенденция. Ол үшін ешкімді айыптай алмаймыз. Кімнің ақылы тасып, басы қатты істесе, соның бәсі қашанда биік. Бұл заңдылық. Қытай да шетелдік ғалымдардың білімін пайдаланады. 1989-2009 жылдар аралығында ғалымдарының қарасы 2,5 мыңнан 480 мыңға дейін артқан. Қазір Қытай ғылымына 1,6 млн ғалымның еңбектеніп жатқаны зор мақтанышпен айтылады, - дейді мәжілісмен.

Оның айтуынша, ғылыми институттардың сапасын арттыру заман талабы. Осы тұста Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында ғалымдарды ғылымға тартып, ғылыми институттарды дамытып, жетекші оқу орындары мен ірі өндіріс орындарының жанынан мамандандырылған инжиринингтік орталықтар құруға, ғылыми-технологиялық парктерді қалыптастыруға, тіпті мектеп оқушыларының ғылымға қызығушылығын арттыруға бет бұрыс жасады. Нәтижесінде ғылымды жетілдіруге бағытталған 50-ден аса іс-жоспардың жүзеге асырылып жатқан жайы бар.

Германия инновациялық потенциалы мықты әрі ауқымды ғылыми-зерттеу алаңымен танымал. Ондағы 420 ЖОО-да ғалымдарды арнайы даярлайды. Сол сияқты өндіріс орындарында үздіксіз ғылыми-зерттеу жүргізіледі. Ғылым - теориямен шектеліп қалмай тәжірибемен сыналатын сала. Сан салада шетелдік тәжірибе енгізіліп, жұмыс істеп келеді. Енді кәсіпкерліктің аясын кеңейте түсетін ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғалымдардың потенциалын пайдалану бизнеске тиімді болмақ, - деп түсіндірді депутат.

Балабиев айтып өткендей, Қазақстанда шетелдік университеттердің 5 филиалы ашылады. Оның тек екеуі техникалық мамандықтарға арналады. Қазақстандық 500 ғалым әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтеді. Сол сияқты әлемдік үлгіде тәуелсіз Қамқоршылық кеңестер мен эндаумент қорлары құрылады.

Ғалымдардың жұмысына қажетті ғылыми жабдықтардың 800 түрі жаңартылған. Келешекте мамандандырылған ортақ зертханалар, индустриалық-инновациялық аймақтар жанынан технопарктер мен академиялық қалашықтар салынады. Бұдан не пайда? Мен өзім Кентау қаласының тумасымын. Қаратау тәжіндегі кеншілер шаһарында кен байыту комбинаттары, трансформатор, экскаватор, рельс және т.б өнімдер шығаратын зауыт, фабрикалар күллі кеңес одағын қамтамасыз еткен. Оларға қажетті мамандар оқитын техникум, жұмысшылар мен студенттер тұратын жатақханалар өндіріс орнының айналасынан орын тепкен. Бүгінде трансформатор зауытынан басқасы қаңырап тұр. Қазір ол жерден жүк тасымалдауға кедергілердің кесірінен инвесторларды тарту оңайға соқпай тұр. Себебі теміржол желісі жекешелендіріліп кеткен. Ал жалпы өндірістік қалашықтар кеңес өкіметінің тұсында өндіріс ошақтарының маңайында болатын. Қазір ондай өндіріс те, қалашық та жоқтың қасы. Міне сол жүйе жаңғырса ғылым мен өндірістің жүйелі жұмыс істеуіне жол ашылады. Президенттің бұл бастамасын қос қолдап қуаттаймыз, - дейді Қайрат Балабиев.

“Болашақта білімділер мен біліктілер жоғары бағаланады”

Депутаттың пікірінше, ғылымды коммерцияландыру дұрыс шешім. Экономикалық даму елге керек болғанымен, табыс көзін арттыру бірінші кезекте бизнестің өзіне керек. Тек шикізат экспорттай бермей, шикізатты өңдеп, өнім шығару пайдалырақ. Сондықтан сапалы әрі пайдалы өнім өңдеу үшін ғылыми зерттеулерді жүргізуге бизнес өкілдерінің өздері мүдделі болуға тиіс. Дүние жүзінде қай салада болса да тұрақты өнім өндірушілер тұтынушыларын жоғалтып алмау үшін үнемі ізденіс пен үдеріс үстінде жүреді.

Бүгінгідей бәсекелестік нарықта өндірісті ғылыми зерттеулерсіз елестету әрі дамыту мүмкін емес. Судың сапасын жақсартып, тазасын ішу үшін сүзгіден өткізетініміз осының бір мысалы. Мәселен, Израильдің зерттеу жұмыстарына бөлетін шығындары - 85,6%, Жапония - 78,8%, Корея -77,7%, АҚШ - 71,2%. Кәсіпкерлікті ғылыми зерттеулерге бейімдеу арқылы дамыту қанша салым салса да қайтарымы мол перспективалық қадам, - деп айтты Қайрат Балабиев.

Президенттің ғылымды коммерцияландыру, ұстанымы ақылға сыйымды ұстаным. Қазір ғылыми жобаларды сату тура жолға қойылып, бюджетке 5,7 млрд теңге түсім түскен. Есесіне 1500-дей жұмыс орны ашылған. Өндіріске енгізілген ғылыми жобалар аясында жұмыс көбейіп, жұмысшылар да қажет бола бастайды. Бұл жерде маман даярлау мәселесі туындап тұр. Болашақта білімділер мен біліктілер жоғары бағаланады әрі жоғары сұранысқа ие болады. Ғылым саласы бойынша 4 млрд теңгеге дейін мегагранттар қарастырылған.

“Қазақта жоқтың пайдасын жат көріп келеді”

Қазір жұрттың көзі ашылып6 химиялық қоспасы бар заттардан бас тартып жатқаны емес, көпшіліктің қалайтыны био және эко тағамдар мен заттар. Өкінішке қарай, Президент айтқандай, бізде расында да нано және био технологиямен әзірленген препараттар да жоқ. Қазақта жоқтың пайдасын жат көріп келеді. Бүгінде АҚШ, Қытай, Корея, Түркия, Иран, Үндістан, Израиль, Германияның неше түрлі бадтары мен биопрепараттары қазақстандық нарықты жаулап алған. Ебін тапқан екі асайды демекші, өз қолың өз аузыңа жетпей тұрғанда бұған да тосқауыл қоюдың өзі артық. Демек бізге олармен тайталасатын бәсекеге қабілетті өнім өндіруші орта қалыптастыру қажет. Әйтпегенде, қызыл кітапқа енген кеурек, мия, дерменеге шейін шикізат күйінде шет асып, өзімізге био және эко препараттар болып сатылып келеді. Әйтеуір, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар био, эко өнімдер ұсына бастады. Бірақ ішкі нарықты түгел қамтамасыз етуге жетпейді, - дейді депутат.

Мемлекет басшысы ғалымдармен өткізген кездесуінде: «Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сол себепті ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі», - деген еді. Бұл бағытта министрлік тарапынан көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Ғылыми экожүйе мен нано технологияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырды. Материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға 1,7 млрд теңге бөлініп, жабдықтардың 13,7 пайызы жаңаланған.

Аграрлық аймақтарға арналған тыңайтқыштар өндірумен айналысатын шаруашылықтар көбейіп келеді. Қара шыбынның құрттары мен арнайы шлаушан өсіріп, мал тезегін текке тастай салмай, жер құнарын арттыруға арнап биогомус, зоогомус шығарып жатыр. Тыңайтқыштар гүлдер мен ағаш көшеттерінің, бау-бақша өнімдерінің тез жетіліп, жайқалып өсуі үшін таптырмас дүние. Бұл да ғылымның бір түрі және жетістігі. Адам денсаулығына қауіпті нейтраттардан, табиғи жолмен алынған тыңайтқыштар әлдеқайда пайдалы. Тізе берсек, Президенттің сайлауалды бағдарламасында қамтылған ғылыми мәселелер таусылмайды. Мұның бәрі ең алдымен елдің кемелді келешегі үшін жасалып жатыр. Ғылым – қоғамға қызмет етеді. Ғылым оңбай экономика ойдағыдай оңалмайды. Түсінгенге Президенттің жанталасып, ғылымға назар аударының басты себебі де осы экономика арқылы әлеуметтің әлеуетін түзеу, - деп түсіндірді ол.

Балабиев атағандай, 2023-2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыруға 643 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. 1 700 жетекші ғалымның жалақысы 70% өскен. Ірі зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институты тікелей мемлекеттік қаржыландыруға ауыстырылған. Күнде бір игілікті жаңалық көріп келеміз.

Сонау Майқы биден бастап, бертіндегі Ыбырай, Абай бабаларымызға дейін темір арбаның ат, құс қанатындай ұшақ болатынын, адамдардың айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатынын, заманның өзгеретінін, өзгергенді көз көретінін, ондай өзгерістерді өнер-білімі бар жұрттардың жасап, тастан сарай салғызатынын үкілі үмітпен айтып кеткен. "Ғылым таппай мақтанба" деген сөздің өзі ұғына білгенге үлкен мотивация емес пе? Ендеше неге Абай айтқандай, талаптанып өнер мен білім үйреніп, ғылыммен мақтанып ұқсап бақпасқа? – деп сөзін қорытындылады депутат.

Өзгелердің жаңалығы