250 литрден астам заңсыз алкоголь тәркіленді

15 Қаңтар 2021, 00:24
1186
Бөлісу:
250 литрден астам заңсыз алкоголь тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері СҚО полицейлері 250 литрден астам заңсыз алкоголь тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қалалық Полиция басқармасының № 4 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары қаладағы базарлардың бірінде 135 литр спирт тәркіледі. Заңсыз алкогольді саудалау фактісі профилактикалық рейд барысында анықталды.

Петропавл қаласының 62 жастағы тұрғыны қатар-қатар орналасқан дүңгіршектердің арасында орналасқан көзге түспейтін шағын үйшіктен спирт саудалап келген. Бір литр алкогольдік сұйықтықтың бағасы – 1500 теңге. Ер адамның айтуынша, ол өзінің бұл әрекетімен заң бұзғанын білген. Десе де соңғы айларда саудасын тоқтатпай, жалғастыра берген.

Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша материал жиналды. Алкогольдік сұйықтық алынып, сараптамаға жөнелтілді. Жиналған материал шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіледі.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, қаңтар айының басынан бері облыс полицейлері заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың сегіз фактісін анықтады. 250 литрден астам спирт тәркіленді. Масаң күйде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және ескерту – полиция қызметкерлерінің жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі.

Өткен жылдың 12 айында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында масаң күйде жасалған 853 қылмыс тіркелген. 10 500-ден астам құқық бұзушы алкогольдік сусындарды ішкені, қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 1242 литр спирт алынған.

СҚО Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі хабарлағандай, қаңтар айының 14-інен облыс аумағында «Құқық бұзушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық саладағы, сондай-ақ масаң күйде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.


Өзгелердің жаңалығы