25 жыл. Астана – Нұр-Сұлтан – Астанаға дейін....

25 жыл. Астана – Нұр-Сұлтан – Астанаға дейін....

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал биыл Астана қаласына 25 жыл толып отыр.  Осы уақытқа дейін еліміздің елордасы дамудың бірнеше сатысынан өтті. Бүгінде халықаралық аренада өзіндік келбеті бар, заманауи даму үрдісінен қалмай келе жатқан жас қала. Осы ретте елордамыз Астананың 25 жылдың ішінде қандай жолды жүріп өткені және болашаққа жоспары туралы BAQ.KZ  тілшісінің сараптамалық материалынан оқи отырыңыздар. 

Елорданы көшіру туралы шешім қабылданған сәтте Ақмола халқының саны не бәрі 290 мың адам болған. Ал, 1999 жылы халық саны 326 мың адамға жетті. Бүгінде қала аумағы 79,7 мың га, оның 13,4 мың га жер қоныстануға арналған. Астананы дамыту бойынша Бас жоспар жобасының бастапқы деректеріне сәйкес 2021 жылғы  1 қаңтардағы жағдай бойынша қала тұрғындарының саны  1 184,4 мың адамға жетті. Оның ішінде 6 жасқа дейінгі балалар -  279,6 мың адам,  7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар - 206,7 мың адам,  63 жастан асқан халық саны  75,7 мың адам болды. Ата заңға сәйкес еліміздің әр азаматы білім алуға, денсаулығын сақтауға және жақсы өмір сүруге құқылы. Осы ретте елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруда қандай жағдай жасалып жатқанын сала бойынша сараптап көрсек. 

Астана & экономика...

2001 жылдан бастап елордада «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы» іске қосылып, ол көп ұзамай қала мен ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту орталығына айналды. Елорданың жалпы аймақтық өнім көлемі 1998 жылы 60,5 миллиард теңге болды. 2000 жылдардың басында отандық және шетелдік бизнес Астана құрылысына жүзедеген миллион доллар инвестиция салды.

25 жыл ішінде қаланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 13,7 трлн теңге болды. 

2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 427,6 млрд теңге болса, өсім 20,9% болды.

Инвестициялар көбіне жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, өнеркәсіп, көлік және қоймалау, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және т.б. бағыттарға тартылды. 

Анықтама: жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар 167,1 млрд теңге. (56,3%); өнеркәсіп - 35,2 млрд теңге (11,8%); көлік және қоймалау - 34,6 млрд теңге (11,6%); денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету 30,8 млрд теңге. (10,3%).

Бүгінде Астана қаласы іскерлік хаб болып табылады. Қаланың қазіргі әлеуетін, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымды ескере отырып, елордада MICE (Meetings, Incentives, Conferences,Exhibitions) туризмді дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр.  

Қазір Астанада 15 мың төсек-орыны бар 229 қонақ үй, іс-шараларды өткізуге арналған 110 алаң бар (2 көрме орталығы: «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығы, «ЭКСПО Конгресс орталығы»).

Іскерлік іс-шараларды тартуға 32 өтінім (биддинг) берілді, оның ішінде 8 іс-шараны өткізу құқығын жеңіп алдық. Астана қаласына ірі іс-шараларды тарту үшін 32 салалық қауымдастықпен және 22 ірі компаниямен келісімдерге қол қойылды. 

Астана & туризм....

2022 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57%-ға артып, 1 178 404 адам болды. Тарқатып айтатын болсақ,  шетелдік туристер – 238 510 адам, ішкі туристер – 939 894 адам. 

Өздеріңіз байқағандай туристердің басым бөлігі ел азаматтары. Енді нақты қолға алынып жатқан шараларға тоқталып кетсек. 

Біріншіден, туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша веложолдар ұзарды.  Күні бүгінге дейін салынған 104 км веложол 2023 жылы  123 км дейін ұзарады. Сондай-ақ ат туризмі бағытын дамыту қолға алынған. Оның ұзындығы 15,5 км. Бүгінде «Astana City Pass» туристерге арналған бірыңғай картасы жұмыс істейді, бұл карта 11 мәдени нысанға 70% дейін жеңілдікпен (карта құны: 24 сағатқа 9 990 теңге, 72 сағатқа - 13 990 теңге) баруға мүмкіндік береді. 

Қалада туристерге 3 тілде барлық қажетті ақпаратты ұсынатын 2 туристік ақпараттық дүңгіршек («Астана» халықаралық әуежайы, «Бәйтерек» монументі) жұмыс істейді.

Туристер Астананың көрікті орындарымен өз бетінше танысуы үшін халықаралық izi.travel платформасында 6 тілде 164 объект бойынша аудио турлар жасалды.

Туристік қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін 2022 жылы 50 гид–экскурсовод оқыту курстарынан өтті. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша 276 қонақ үй қызметкері мен 79 мұражай қызметкері оқытылды.

Бұдан бөлек қалада туристерге арналған екі қабатты «Red Bus» автобустары қызмет етеді (әлемнің 8 тілінде: қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, түрік, француз, испан тілдерінде аудио гидтермен жабдықталған). 

Екіншіден, «Visit Astana» серіктестік бағдарламасы іске асырылуда, онда туристер қажетті қызметтерді оңай таңдай алады. Серіктестердің 6 санаты бар: Comfort (қонақ үйлер), Taste (мейрамханалар), Discover (көрікті жерлер), Support (сервистік компаниялар), Education (оқу орындары), Transport (көлік компаниялары). Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 30 серіктес (қонақ үйлер, мейрамханалар, туроператорлар) бар.

Үшіншіден, Visit Astana брендін дамыту бойынша жұмыс істеліп жатыр. Қазіргі күні цифрлық кеңістікте жылына 10 млн астам адамды қамтитын 6 коммуникация арнасы жұмыс істейді. Маркетингтік компаниялардың жылдық жалпы қамтылуы 10 млн астам адам. 

Болашақта бой көтеретін нысандар туралы айтар болсақ, қазіргі күні қалада инвесторлармен бірлесіп 60 млрд теңге сомаға 26 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр: спорт саласында 15 жоба, қонақ үй кешендері бойынша 9 жоба, 1 - жол бойындағы кешен, 1 - ойын-сауық орталығы.

Төртіншіден, 2022 жылы Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығы құрылды. 2023 жылы медициналық туризм бағыты бойынша қаланың медициналық әлеуетін көрсететін сайт әзірлеу, госпитальдық және мейірбикелік сервисті жақсарту бойынша курстар өткізуді, сондай-ақ халықаралық көрмеге қатысу жоспарланған. Медициналық туризмді дамытудағы басым бағыттары: кардиохирургия, нейрохирургия, ЭКО, онкологиялық ауруларды емдеу, стоматология, косметикалық хирургия. 

Астана & медицина....

Рас, елордада медициналық туризмді өз алдына дамыту бұл аталған салада үлкен серпіліс бар екенінің көрінісі. Жасыратыны жоқ, Астанада жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдарға да жүктеме  дәл солай көбейіп келеді. Десе де 25 жыл ішінде жеткен жетістіктерді айту қажет. Елорда тұрғындарының саны 25 жылда 4,5 есе өсті. (300,5-тен 1367,1-ге дейін).

Сондай-ақ туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 25 жылда 11,7 жылға артты. Қазірдің өзінде республика бойынша ең жоғары көрсеткіш Астана қаласының еншісінде. 

Жалпы, елордада медициналық ұйымдардың саны 25 жылда 8,3 есе немесе 38-ден 314-ке дейін өсті. 25 жылда туберкулезден болатын өлім-жітім 13,1 есе (100 мың адамға шаққанда), қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 3 есе (100 мың адамға шаққанда) азайды. Ал 1000 тұрғынға шаққандағы жалпы өлім-жітім 2,5 есе төмендеді. Бұл да аталған саладағы қызмет сапасының жоғарылағанын танытады. Мәселен, соңғы жылда емделген науқастардың саны 136 мыңнан, ал жүргізілген операциялар саны 60 мыңнан асады. Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жүргізетін табысты реанимация көрсеткіші соңғы 2 жылда 55% - дан 75% - ға дейін өсті. Ал медициналық мекемелерді материалдық-техникалық  құралдармен жабдықтау 95%. 

Астана & білім...

Елордалық білім беру жүйесінің ерекшелігі оның қарқынды дамуы. Қала өсіп келеді, онымен бірге елорданың білім беру инфрақұрылымы да жетіліп жатыр.  Бас жоспар жобасының бастапқы деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалада  429 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 133 жалпы білім беру мекемесі, 15 жоғары оқу орны жұміс істеген.

Ал, қазір  67 730 баланы қамтитын 507 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 100 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемесі, онда  29639 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал 404 жекеменшік, оның ішінде 398-де 34 411 орынға арналған мемлекеттік тапсырыс орналастырылған.  Бұдан басқа, 3 ведомстволық балабақшада 405 бала бар. Мектеп жасына дейінгі балалар үлесі жыл сайын бала туу мен көші-қон процестерінің өсуіне байланысты артып келеді. 2022-2023 жылдар ішінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бойынша  жұмыс істеліп жатыр:

- 10 317 орындық жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен, оның ішінде ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында   9 071 орындық 200 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыс орналастырылды (жаңадан 112 жекеменшік балабақша ашылды). 

Биыл екінші жартыжылдықта қалған 1 246 орынға конкурс өткізу жоспарланған.

Анықтама: 1 балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы 2022 жылмен салыстырғанда 41 718 теңгеден 46 189 теңгеге дейін ұлғайды.

Биыл  жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдар жанынан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында қосымша 500 орынға корпустар ашу, сондай-ақ қолданыстағы 25 мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша 200 орынға инклюзивті топтар ашу жоспарланып отыр.

Ал, 15 жоғары оқу орнында  67 мың студент білім алады. 36 жатақханада 14 426 студент тұрады.

Көк түтіннен құтылу жолы  - газдандыру

Қала көлемі ұлғайған сайын экология мәселесі де ушыға түсуде. Әсіресе қыс кезінде қаланы қара түтін басады. Көптеген тұрғын әлі күнге дейін көмір жағатыны тағы бар. Осы арада газдандыру қашан аяқталады деген сұрақ әрбір қалалалықты мазалайтыны хақ. 

Сонымен елорданы газдандыру бойынша газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген.  2021 жылы 1-ші кезектің, сондай-ақ ішінара газдандырудың 2-ші кезегінің құрылысы аяқталды. Жұмыстың 2,3-ші кезегінің қалған бөлігі бойынша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022-2025 жылдарға жоспарланған.

Бүгінгі күні тұтынушыларды Көктал-1, Көктал-2 т/а, Агроқалашық, «Железнодорожный», Промышленный, Оңтүстік-Шығыс оң жағы, Оңтүстік-Шығыс сол жағы, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный т/а, сондай-ақ «Ақбидай», «Қазақауыл» үш шағын аудандарында және қаланың ескі бөлігінде Потанин көшесі ауданында қосу қамтамасыз етілді. 650 км газбен жабдықтау желілерінің құрылысы орындалды.  Газға 200 мыңға жуық тұрғыны бар 12 мың абонент қол жеткізілді. Ал қослыған абонемент саны 8,2 мыңнан асты.    Сондай-ақ, ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-нің 16 қазандығы газға ауыстырылды. Бұдан басқа газға 15 әлеуметтік нысан қосылған. 

Бүгінде қала бойынша 8,7 мыңнан астам техникалық шарттар берілді, 50 мыңнан астам адамға кеңес берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Биыл аудандық «Тұран», «Тельман» қазандықтарына және «Ильинка», «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс» т/а-ға газ жеткізу желілерінің құрылысы жалғасып жатыр. Орамішілік желілердің құрылысы 2023 жылы басталады, қазіргі уақытта олар бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша, 2024 жылы 300 мыңға жуық халық газға қол жеткізеді. 

Халықтың газды қиналмай қосып алуына жәрдемдесу үшін  бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда құжаттар тізімі қысқартылды. Бұл қосылған абоненттер санын 3 мыңнан 8 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Құны 130 мың теңгеден басталатын газ есептеу аспаптары тегін берілетін болды. Ал,  халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 448,5 мың теңге (130 АЕК) мөлшерінде ақшалай өтемақы көрсетіледі. Үйді газдандыруға банктер арқылы, оның ішінде Halyk Bank арқылы 1,5 жылға 750 мың теңгеге дейін бөліп төлеу және пайызсыз несиелендіру қарастырылды. 

Елорда жастар қаласы ма?

Жастар саясаты – көпсалалы бағыт. Сол себептен, 2021-2023 жылдарға арналған «Елорда жастары» жастарды қолдау бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда. Ол негізгі 6 бағытқа бөлініп, 33 көрсеткіш және 60 іс-шараны іске асыру көзделген. 

2022 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына өзгеріс енгізіп, жастардың жасын 35-ке дейін ұзартты. Бүгінгі күні қаладағы 14-34 жас аралығындағы жастар саны 440 мың адам болды. Оның ішінде 14-28 жас аралығында 278 мың адам, ал еңбекке қабілетті жастар – 297,6 мың адам. 

Жұмыспен қамту шараларымен қазіргі уақытта 5944 жас қамтылған: тұрақты жұмысқа 1492 адам орналасты, «Жастар практикасы» - 279, «Қоғамдық жұмыстар» - 763, «Алғашқы жұмыс орны» - 136, «Ұрпақтар келісімшарты» - 2, «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы аясында - 136 адам қамтылды, жастарға арналған микрокредиттеу 60 адамға, кәсіптік оқытуға 12 адам, электрондық еңбек биржасында дағдыларға оқытуға 241, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 2814 адам жіберілді, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 11 грант берілді. 

Биыл 16,5 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланған, жастар арасындағы жұмыссыздық – 4%.

Жастарды жұмыспен қамту бағытында «Жасыл ел» жобасы іске асырылып, оның аясында  3000 жас еңбек етіп жатыр. 2020 жылы 1200 адам, 2021 жылы 1956 жасөспірім мен жастар жұмыспен қамтылса, 2022 жылы квота 4200-ге дейін өсті. Оның ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 111 адам осы жоба аясында жұмыс істеді.

2021 жылдан «Жасыл ел» сарбаздары алатын сыйақы мөлшері де 35 мыңнан 64 мың теңгеге дейін өсті. Биыл да 4200 жасты жұмыспен қамту көзделген.

NEET санатындағы жастармен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған санаттағы жастар үлесі 6,2% немесе 26 045 адам.

2023-2025 жылдарға арналған Астана қаласында уақытша орналастырылмаған жастармен (NEET санатындағы жастар) жұмыс жөніндегі Жол картасы бекітілді. Жол картасының негізгі мақсаты – жастардың, оның ішінде уақытша тұрақсыз жастардың әлеуметтенуіне жәрдемдесу. Жол картасы аясында жастарды жұмыспен қамту, сондай-ақ жас кәсіпкерлерге гранттар беру және жеңілдетілген несие беру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі кезде Астана қаласының әкімдігімен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету сұрағы кеңінен қарастырылып жатыр. Бұл мақсатта «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы  жүргізіледі.  Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй жұмыс істейтін жастарға жалға алу шартының негізінде беріледі. Тұру уақыты ішінде жастардың өз пәтерлеріне бастапқы жарнаны жинауға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама аясында 2021 жылдан бері 2 450 пәтер берілді, бағдарлама ағымдағы жылға да жоспарланған.

Сонымен қатар жоғарыда айтылған бағдарламаға қосымша ретінде жастарды тұрғын үймен кеңінен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік «Елорда жастары» бағдарламасы бекітілді. Ағымдағы жылдың 30 мамыры – 6 маусымы аралығында «Отбасы банк» АҚ бірлесе «Елорда жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы қосылып, елордада бастапқы/қайталама нарықта пәтер сатып алуға мүмкіндік берілді. Берілген кредиттік қарыз саны – 200. 

P.S. Астана қаласының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2022 жылы 10,4 трлн теңге немесе 2021 жылға қарай 105,5%. Қаланың елдің  жалпы өңірлік өніміндегі үлес салмағы – 10,2%. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімінің мөлшері 7,9 млн теңге. Өнеркәсіптік кәсіпорындар 1,9 трлн теңге өнім өндірді, 2021 жылмен салыстырғанда индекс 1,8%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 1,2%-ға өсумен шамамен 1,7 трлн теңгеге өнім өндірілді. Елордаға 1,4 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл 2021 жылдан 12,7%-ға жоғары. Елордада 25,3%-ға нақты өсіммен 204 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес субъектілері 2021 жылға қарай 29%-ға сумен 11,4 трлн теңгенің өнімін өндіріп, қызмет көрсетті. Бұл 25 жыл ішінде атқарылған жоспарлы жұмыстың жемісті нәтижесі.  
Бөлісу:

Фото: BAQ.KZ