2,5%-дық несие қандай бизнес ашуға беріледі?

27 Маусым 2023, 17:33
1560
Бөлісу:
2,5%-дық несие қандай бизнес ашуға беріледі?
Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Қазақстандықтар АӨК жобаларын бастауға немесе дамытуға 2,5%-бен несие ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-ті несиелеу ережелерін әзірледі. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында талқылауда жатыр.

Қазақстандықтар жаңа кәсіпорындарды құруға немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, оның ішінде сүт-тауар фермаларын (қуаты 400 бас малдан бастап), ет бағытындағы құс фабрикаларын (жылына 5 мың тонна құс етінен бастап), көкөніс қоймаларын (1000 тоннадан бастап), сондай-ақ заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып (шашырату, тамшылатып суару) суармалы егіншілік саласындағы жобаларды (картоп, көкөністер, жемшөп өндірісі) кеңейтуге несие ала алады.

Қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылатын болады.

Қағидалардың жобасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01% болатын 10 жыл мерзімге бюджеттік кредиттер беріледі. Негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең 24 айдан аспайды, бюджеттік кредитті игеру кезеңі 12 айды құрайды. Әкімдіктер фермерлерге сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы несие береді. Кредиттеу мерзімі 10 жылға дейін, кредиттің ең жоғары сомасы – 5 млрд теңге, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең кредиттеу мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын кезеңді құрайды. Міндетті шарт - кепілдің болуы, - делінген АШМ хабарламасында.

Бұл ретте сенім білдірілген өкіл (агент) қарыз алушы шарттың міндеттемелерін бұзған жағдайларды қоспағанда, комиссия, алымдар немесе өзге де төлемдер алмайды. Сенім білдірілген өкілге сыйақы төлеуді жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.

Несиелеу бағдарламасына қатысушыларды іріктеу үшін маңызды критерийлер салалық импортты алмастыруды ескере отырып, өңір халқын сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету, уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құру, ауыл халқының табысын арттыру шеңберінде жобалармен ынтымақтастық және кооперация болады. Бұдан бөлек, әлеуетті қарыз алушының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру немесе қайта өңдеу саласында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуға тиіс. Сондай-ақ берік жемшөп базасын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы техникасы паркін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының қажетті алаңының болуы талап етіледі.

АӨК кредиттеу қағидаларының жобасымен толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Өзгелердің жаңалығы