2400 фермер егіс жұмыстары үшін 70 млрд теңге алды

22 Сәуір 2020, 22:40
1496
Бөлісу:
2400 фермер егіс жұмыстары үшін 70 млрд теңге алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "ҚазАгро" Холдингінің "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ агроөнеркәсіп кешені субъектілерін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бағытталған 70 млрд теңгені толығымен шаруаларға үлестіру шарасын аяқтады.

"Кең дала" бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген бұл қаражат шаруаларға жылдық сыйақысы 5%-дық жеңілдікпен берілді. Және Қазақстанда енгізілген Төтенше жағдай режиміне қарамастан Аграрлық несие корпорациясы 35 жұмыс күнінің ішінде, яғни 2 наурыз бен 21 сәуір аралығында 2400 фермерді қажетті қаражатпен қамтамасыз етті, - деді өз сөзінде "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасы Бағлан Құлтаев.

Бюджеттік несиелендірумен 3,05 млн га алаңдағы дала жұмыстары қамтылды және бағытталған қаражатқа 27 ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Егін түрлерінің басым бөлігін дәстүрлі түрде бидай (2,2 млн га), арпа (289 мың га), зығыр (165,5 мың га) және басқалары құрайды.

Тағы бір маңызды ақпарат, кәсіпкерлерді, оның ішінде шалғай ауылдардағы шаруаларды жеңілдетілген займмен қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық қаржы теткітері, олардың ішінде несиелік серіктестіктер, микрокредиттік ұйымдар, екінші деңгейдегі банктер, өңірлік инвестициялық орталықтар, сондай-ақ Корпорацияның тікелей қаржыландыруы арқылы үлестіру жұмыстары атқарылған болатын. Берілген қарыздардың орташа чегі 29,6 млн теңгені құрады.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 31 наурыздағы тапсырмасы бойынша "қарапайым заттар экономикасы" шеңберінде несиелеу бағдарламасы бойынша 100 млрд.теңге көлемінде көктемгі егіс жұмыстарын қосымша қаржыландыру да қарастырылған. Бөлінген қаражат Аграрлық несие корпорациясы арқылы АӨК субъектілері үшін де қолжетімді болмақ. Осы бағдарлама бойынша соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6% - дан аспайды. Сонымен қатар Бағдарлама бойынша несие беру барлық ауыл шаруашылық дақылдары үшін қолжетімді, сонымен қатар несие серіктестіктері арқылы қаржыландыру да көзделген.

Өзгелердің жаңалығы