Санаулы күндерден кейін 4 млн жуық оқушылар үшін мектеп есіктері айқара ашылмақ. Барлық педагогтер жаңа оқу жылының қарсаңында сыныптарды жасақтау, сабақ кестелерін құру, оқулықтар тарату секілді дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы аптада бірқатар өңірлер мен Алматы, Астана қалаларының білім беру ұйымдарының дайындықтарымен, оның ішінде құрылыс, жөндеу жұмыстарымен, қауіпсіздік жүйелерінің жабдықталуымен, тамақтанудың ұйымдастырылуымен таныстым. Ең бастысы, мектеп ұжымдарымен кездесіп, жаңа оқу жылындағы міндеттерді бірге талқыладым.
Өткен жылы оқу-ағарту министрлігі Алматы қаласының әкімдігімен білім беру жүйесін дамытудың бірлескен Жол картасын қабылдаған болатын, оның негізінде бүгінде бірқатар мәселелер шешімін табуда, әсіресе, үшауысымды мектептерді жою бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Биылғы жылы Алматыда 36,8 мың оқушы орнына арналған 22 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде бірінші болып Әуезов ауданында №97 мектеп пайдалануға берілді. Аталған мектеп барлық заманауи талаптарға сай келеді, мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті кедергісіз орта, балалардың шығармашылығын, кітап оқу дағдысын дамытуға, цифрлық технологияларды игеруге арналған аймақтар, бастауыш пен жоғары сыныптар үшін жекелеген блоктар қарастырылған, - деді Ғани Бейсембаев.
Қаланың 13 мектебі күрделі жөндеуден өтуде, мектептердің басым бөлігінде жұмыстар толық аяқталған.
Мысалы, Бостандық ауданындағы №70 мектептің 1,2 мың оқушысы биылғы оқу жылында жаңартылған мектепте білім алады. Жалпы, білім басқармасының мәліметінше, бүгінде алматылық мектептердің 86,5%-ның пәндік кабинеттері жаңартылып, жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша білім алуға жағдай жасалған.
Биылғы оқу жылында білім сапасын арттыруға және оқу процесінде жайлы орта қалыптастыруға, әсіресе, мектептің ішкі ережесі мен жарғысының сақталуына, балалардың қауіпсіздігіне, тамақтанудың ұйымдастырылуына басымдық берілмек, - деді министр.