22 қыркүйекте «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары жарияланады

20 Қыркүйек 2023, 13:00
796
Бөлісу:
22 қыркүйекте «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары жарияланады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек күнін мерекелеу аясында біз жыл сайын «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткіземіз. Бұл іс-шара нәтижелі еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған, – деп айтты Ақмәди Сарбасов.

Конкурс жыл сайын үш номинация бойынша өңірлік және республикалық деңгейде екі кезеңнен өтеді:

- «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет;

- «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер;

- «Өндіріс үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор қызметкері таңдалады.

Биыл жергілікті атқарушы органдар конкурсқа қатысу үшін 591 өтініш қабылдады. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша 143 өтініш, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша 215 өтініш, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша 233 өтініш қабылданды, – деді Ақмәди Сарбасов брифингте.

Ол сондай-ақ конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен комиссиялар айқындайтынын және салтанатты түрде марапатталатынын атап өтті. Бірінші орын иегерлері конкурстың республикалық кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Конкурстың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын Еңбек министрлігі жанындағы комиссия айқындайды. Комиссия құрамында Парламент депутаттары, ЕХӘҚМ, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ және әлеуметтік әріптестер өкілдері бар, – деді вице-министр.

«Еңбек жолы» байқауының лауреаттары 2023 жылғы 22 қыркүйекте Hilton Astana қонақ үйінде Еңбек күніне арналған форум аясында өтетін салтанатты рәсімде жарияланады. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Өзгелердің жаңалығы