2036 жылғы Олимпиаданы өткізуге 7 ел таласып жатыр

Қазір аталған елдер Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК) келіссөз жүргізіп жатыр.  

 news.sportbox.ru 7 Қазан 2026, 21:58
7 Қазан 2026, 21:58
116
Фото: news.sportbox.ru
Германия, Венгрия, Үндістан, Катар, Корея Республикасы, Оңтүстік Африка Республикасы және Түркия 2036 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге ниетті.

ХОК 6 қазанда 2036 жылғы Олимпиадаға үміткер елдердің тізімін және ойындарды ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптарды жариялады. Өз кандидатурасын ұсынғысы келетін басқа ұлттық олимпиада комитеттері 2026 жылғы 31 қазанға дейін өтініш бере алады.

Қарашада үміткерлер өз жобаларын ХОК комиссиясына таныстырады. Ал 2027 жылдың наурызында ХОК Атқарушы комитеті қысқа тізімді бекітіп, стратегиялық диалог кезеңін бастайды.

Басым үміткерлер 2028 жылдың соңына дейін анықталып, Олимпиаданы қай ел өткізетіні туралы соңғы шешімді ХОК мүшелері 2029 жылдың ортасында дауыс беру арқылы қабылдайды.

Үміткерлердің жобалары спорт нысандарының бас жоспары, спортшыларға жасалатын жағдай, қаржыландыру көздері, саяси және қоғамдық қолдау, сондай-ақ Ойындарға дайындық пен кейінгі мұра стратегиясы бойынша бағаланады.

Үндістан Олимпиаданы Ахмедабадта өткізуді жоспарлап отыр. Бұл – елдің Ойындарды өткізуге алғаш рет өтінім беруі. Катар Доханы ұсынып отыр. Доха 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатын қабылдағанымен, аптап ыстыққа байланысты Олимпиаданы шілде-тамыз айларынан тыс уақытта өткізу мәселесі туындауы мүмкін.

Германия Мюнхенді, Оңтүстік Корея Сеулді, Оңтүстік Африка Республикасы Кейптаунды, Венгрия Будапешті, ал Түркия Стамбұлды ұсынды.

Сонымен қатар кейбір ұлттық олимпиада комитеттері 2036 жылдан кейінгі Ойындарды, оның ішінде 2040 және 2044 жылғы Олимпиадаларды өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр.

Қазір алдағы төрт Олимпиаданың өтетін жері белгілі: 2028 жылы – Лос-Анджелес, 2030 жылы – Францияның Альпі аймақтары, 2032 жылы – Брисбен, 2034 жылы – АҚШ-тың Юта штаты.

ХОК президенті Кирсти Ковентри Ойындарды өткізу орны қандай болғанына қарамастан, басты назар спортшыларда болуы керектігін атап өтті.

Наверх