2029 жылға қарай елде демалушылардың саны 11 млн-ға жетеді

26 Сәуір 2023, 17:16
1351
Бөлісу:
2029 жылға қарай елде демалушылардың саны 11 млн-ға жетеді
Фото: inbusiness.kz

Мәдениет және спорт министрлігі 2029 жылға қарай Қазақстанда демалушылардың санын 11 млн адамға дейін жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылы еліміздегі орналастыру нысандарының қызметін пайдаланған туристер саны 7,3 млн адамға жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (5,4 млн турист) 34%-ға көп. Айта кетейік, өткен жылы ішкі туристердің жалпы саны 8,6 млн адам болды.

Оның ішінде 928 мыңға жуығы шетелдік туристер. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсті. Ал орналастыру орындарындағы ішкі туристер саны былтыр 6,4 млн адамға жетті.

2029 жылға дейін Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандағы ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристердің санын 4 млн-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін туристік саланы дамыту тұжырымдамасында нақты іс-шаралар қарастырылған.

Қазір елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралы іске қосылған. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен бірқатар заңнамалық норманың іске асуының нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Мысалы, туристік нысандарды салу және реконструкциялау үшін кәсіпкердің шығындарының 10% өтеледі. Сондай-ақ бизнесменге жол бойындағы сервис нысандарын (қонақ үйлер, жанармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пунктері және т.б.) салу үшін де осы мөлшерде субсидия қарастырылған. 8 және одан да көп орындық туристік автобустарды сатып алғаны үшін 25% көлемінде өтемақы енгізілді. Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықты сатып алу шығындары да осы мөлшерде өтеледі. Сонымен қатар санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау (айына 83 000 теңге) субсидияланады.

Өзгелердің жаңалығы