«Өзбекғарыш» 2028 жылға дейін алғашқы ұлттық ғарышкерін орбитаға аттандыруды жоспарлап отыр. 14 күндік миссия аясында ХҒС немесе Қытайдың ғарыш станциясында ғылыми зерттеулер жүргізілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі pressa.uz-ға сілтеме жасап.
Бүгінде жобаға жауапты тараптар АҚШ, Ресей және Қытай мамандарымен техникалық платформаны таңдау бойынша келіссөздерді бастап кетті.
Ғарыш экспедициясының ұзақтығы шамамен 14 күнді құрайды. Мамандар «Роскосмос» немесе NASA-мен серіктестікте Халықаралық ғарыш станциясын (ХҒС) пайдалану нұсқаларын, сондай-ақ Қытайдың орбиталық станциясына ұшу мүмкіндігін қарастыруда.
Алаңды таңдау дайындық шарттарына және өзбек ғарышкері салмақсыздық жағдайында жүргізуі тиіс ғылыми эксперименттер бағдарламасына байланысты болады.
Ең лайықты кандидатты іздеу үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылады. Болашақ ғарышкерлерге қатаң талаптар қойылады: жасы 27-ден 40-қа дейін, жоғары білімі және шет тілдерін білуі міндетті.
Сондай-ақ физикалық параметрлер де регламенттелген - үміткердің бойы 160-190 см, ал салмағы 50-95 кг аралығында болуы тиіс.
Алпауыт миссия отандық ғылым мен технологияның дамуына серпін беруге бағытталған. Негізгі екпін бірегей зертханалық зерттеулер жүргізуге қойылады, олардың нәтижелері Өзбекстан экономикасының түрлі салаларында қолданылатын болады.
Бұл жобаны жүзеге асыру елдің жоғары технологиялар мен ғарыштық зерттеулер саласындағы халықаралық беделін нығайтудағы маңызды белес болмақ.
Еске салайық, бұған дейін Байқоңырдан түсірілген сурет NASA-ның ең үздік фотосы деп танылғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Күн белсенділігі күшейді: Жерге әсері екі күннен кейін сезілуі ықтимал
"Артемида-2": Соңғы 50 жылдағы ең үлкен ғарыш фотоархиві жарияланды