2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысқа ерте оралған аналар баласы бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемді ала береді. Төлемді рәсімдеу тәртібі де өзгереді. Оны баланың анасы, ал жекелеген жағдайларда баланың заңды өкілі рәсімдей алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төлем кімге және қанша уақытқа беріледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бұл төлем әлеуметтік аударымдары бар жұмыс істейтін аналарға отбасының қаржылық жағдайына қарамастан тағайындалады.
Төлем бала туған күннен бастап, ол бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын беріледі. Егіз немесе одан да көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке тағайындалады. Өтінішті бала туған күннен бастап 18 ай ішінде беруге болады.
Төлем мөлшері қалай есептеледі?
Ай сайынғы төлем ананың бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40%-ын құрайды. Есепке алынатын табыс жеті ең төменгі жалақыдан аспайды. Министрліктің мәліметінше, бұл шек 2026 жылы 595 мың теңге болса, 2027 жылдан бастап 770 мың теңгеге дейін өседі.
Есептелген төлем бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан төмен болса, Қор оны жәрдемақы деңгейіне дейін толықтырады. Жүйе іске қосылғалы бері мұндай қосымша төлемді 2 миллионнан астам әйел алған. Осы мақсатқа Қордан 312 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Әлеуметтік төлемнен 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотына аударылады. Осылайша бала күтімі демалысы кезінде де зейнетақы жинағы толықтырылады.
Өтінішті қалай беруге болады?
Баланың тууы тіркелгеннен кейін ақпараттық жүйе төлем алу құқығын автоматты түрде тексеріп, оны рәсімдеу туралы SMS жібереді. Бұл жағдайда анықтама жинаудың қажеті жоқ. Өтінішті eGov.kz порталы немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады.
2026 жылдың алғашқы он айында бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 504 мың адам алған. Оларға жалпы сомасы 287 млрд теңге төленген. Өтініш бергендердің 95%-ға жуығы электрондық арналарды пайдаланған.