Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарына сәйкес шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету болжамды кезең ішінде төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын қысқартуға және 2026 жылы ішкі жалпы өнімге (+)1,9%-ға дейін профицит аймағына ауысуға ықпал етеді, - деді төраға.Оның баяндауынша, тауарлар экспортының 2026 жылы 80 млрд АҚШ долларына дейін кезең-кезеңмен өсуі күтіліп отыр.
Мұнай экспортының өсуі 2023 жылдың ортасынан бастап мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етіледі. Әлемдік сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, металл бағасының болжамды өсуі және шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту салдарынан мұнайға жатпайтын экспорт өседі, - деп айтты Досаев.
Ұлттық банк төрағасы атап өткендей, Ұлттық банкпен бұрын келісілген тәсілге сәйкес Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер 2022 жылы берілетін 2,4 трлн теңгеден 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін қысқарады.
Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес экономиканың құлдырауы кезеңінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде оларды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша ғана Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлінеді, - деп айтты Ерболат Досаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық банкке Ұлттық қордың активтерін сақтау және көбейту қосымша міндеттелді.
Оқи отырыңыз: