2025 жылға қарай «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіне келушілер саны 2,3 млн-ға артады

1 Маусым 2021, 10:18
6827
Бөлісу:
2025 жылға қарай «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіне келушілер саны 2,3 млн-ға артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістанда 59 нысанға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Мәдениет және спорт министрлігі өңірде туризм индустриясын дамыту бойынша ұсынылатын туристік қызметтердің сапасын арттыру, туристік қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсыну, Түркістан қаласы мен Түркістан облысының көліктік қолжетімділігін арттыру сияқты және басқа да кешенді шараларды іске асыруды жоспарлап отыр.

 

Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы туристер санын 2,5 млн адамға дейін, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер санын 291 мың адамға дейін және туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 30 мың адамға дейін артады деп көзделіп отыр, - дейді министр. 

 

Сонымен қатар статистикалық деректерге сәйкес өңірде 703 мәдениет мекемесі бар. Мәдениет саласындағы басым міндеттердің бірі - мемлекеттік бағдарламалар, жеке инвестициялар шеңберінде инфрақұрылымды одан әрі дамыту. Нәтижесінде 13 мәдениет нысаны пайдалануға беріледі.

 

Райымқұлова «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында ескерткіштерді ғылыми қалпына келтіруге және археологиялық зерттеулерге бағытталған ауқымды жұмыстар жоспарланғанын да айта кетті.

Облысты дамытудың кешенді жоспары аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Ясауи» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары алға қойылып отыр, - деп түсіндірді МСМ басшысы. 

Министрдің айтуынша, 2025 жылы 59 нысанға қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бас тарихи мәдени нысан – «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіне келушілер саны 2,3 млн адамға дейін артады.

Өзгелердің жаңалығы