2023 жылдан бастап жәрдемақылар толығымен автоматты түрде тағайындала бастайды

19 Желтоқсан 2022, 17:02
1645
Бөлісу:
2023 жылдан бастап жәрдемақылар толығымен автоматты түрде тағайындала бастайды
Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін қайта құру және реинжиниринг бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бірінші кезеңде проактивті форматта көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді. Осының есебінен өткен жылға қатысты көрсетілетін қызметтер санының өсуі байқалды. Келесі қадам проактивті қызметтер көрсету кезінде жәрдемақыларды автоматты түрде тағайындауға көшеміз. Яғни қызмет көрсету процесінде адамдардың қатысуы толығымен жойылады, – деп атап өтті ведомство өкілі.

Сондай-ақ вице-министр 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау кезінде бұл тәсілді пилоттық режимде қолдану жоспарланғанын айтты. 

Жалпы, келесі жылы автоматты тағайындау форматын 4 қызмет бойынша қолдану жоспарлануда. Біз екінші деңгейдегі банктермен жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға банктік қосымшалар арқылы 6 қызмет қолжетімді және 11 айда оларды 280 мыңнан астам адам алды. Бұдан басқа 17 қызмет экстерриториалды түрде көрсетіле бастады, яғни оларды Қазақстанның кез келген жерінде, тіркелген жері бойынша ХҚКО-ға жүгінбей-ақ ала алады, – деді Ербол Оспанов.

Белгілі болғандай, төлемдерді орталықтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атаулы әлеуметтік көмекті және жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша тағайындалатын әлеуметтік көмектің 11 түрін төлеу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар төлемдерді бөлуді жүзеге асырған.

Өзгелердің жаңалығы