2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен жұбайлары декларация тапсырады

28 Желтоқсан 2021, 15:40
5516
Бөлісу:
2023 жылдан бастап мемлекеттік  қызметкерлер мен жұбайлары декларация тапсырады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтар жалпыға бірдей декларациялауға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеді. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Орынкүл Қазиева айтты.

Оның айтуынша, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияларды мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады. Ал, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларацияланады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары қамтылады.

Қазір декларациялау рәсімі барынша жеңілдетілген. Жылжымайтын мүлік, әуе және теңіз кемелері, суда жүзетін кемелер туралы, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер туралы, Қазақстан Республикасындағы банк шоттарындағы ақша туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне берешек туралы мәліметтерді көрсету міндеті алып тасталынды.

Мұндай мүлік туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарында бар, сондықтан жеке тұлғаларға бұл мәліметтерді толтыру ауыртпалық түсірмейді.

Декларацияда ҚР шегінен тыс мүлік, болған жағдайда – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес көрсетіледі. ҚР шегінен тыс құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, авторлық құқық, зияткерлік меншік объектілері – осының бәрін Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де көрсету қажет. 10 мың АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша, дебиторлық және кредиторлық берешек көрсетіледі, оны нотариат куәландыруға тиіс, - деді ол.

Декларациялар бүгін қағаз нұсқада 15 шілдеден кешіктірмей, ал электрондық түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсырылады. Қағаз нұсқада декларациялар Мемлекеттік кірістер органдарына немесе ХҚКО-ға келу тәртібімен ұсынылады. Декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz), «электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы.

Бұдан басқа, декларацияны ұсына отырып, жеке тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы міндетті емес, өйткені бір реттік SMS-құпиясөз арқылы есептілікке қол қою мүмкіндігі іске асырылған.

Бүгінде декларацияларды берудің ең танымал тәсілі e-Sally Azamat мобильдік қосымшасы, оның көмегімен ҚР бойынша мәліметтердің 52% ұсынылған. «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы – 42%, «электрондық үкімет» порталы арқылы – 6% ұсынылды,-деді Орынкүл Қазиева.

Жалпыға бірдей декларациялау ережелерін түсіндіру үшін «1414» бірыңғай республикалық нөмір платформасында салық және кеден мәселелері бойынша байланыс орталығы іске қосылды. Сонымен қатар, толық ақпаратты kgd.gov.kz ресми сайтындағы «жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы