2022 жылы жерлестерімізге 2,9 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді

23 Қаңтар 2023, 13:00
797
Бөлісу:
2022 жылы жерлестерімізге  2,9 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді

2022 жылы қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 2,9 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақыға 883,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға – 2 022,6 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 247,4 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 75,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 172 млрд теңге бөлінді.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 295 мың адам.

2023 жылдың 1 қаңтарында жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 108 761 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 74 950 теңге, базалық зейнетақы – 33 811 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Ынтымақты зейнетақылардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен 2% артып көтерілуге кепілдік беріледі, бұл 2014 жылы қабылданған зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес келеді.

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5% - ға артты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% - дан 60% - ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылды.

Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артты.

Өзгелердің жаңалығы