2021 жылы қазынаға 7,4 трлн теңге түсті

16 Маусым 2022, 11:20
1418
Бөлісу:
2021 жылы қазынаға 7,4 трлн теңге түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. 

Айтуынша, 2021 жылы қазынаға 7,4 трлн теңге түскен. 

Былтыр трансферттерді есепке алмағанда, кірістер бойынша жоспар 156 млрд теңгеге асыра орындалды. Бюджетке 7,4 трлн теңге түсті. Салық түсімдері 7,1 трлн теңгені немесе жоспарға 102,1%-ды құрады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, шикі мұнайға, экспорт, кеден бажына және импортқа қосылған құн салығына тиесілі болды. Салық түсімдерін ұлғайтудың негізгі факторлары экономиканың біртіндеп жандануы және салықтық, кеден саласын әкімшілендіруді жетілдіру болды. Соңғы 3 жылда салық пен кеден саласын әкімшілендіру мен цифрландырудан бюджетке 2 трлн теңгеден астам қосымша түсімдер қамтамасыз етілгенін атап өту керек, - деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол Қытай экспорты мен Қазақстан импорты бағытында алшақтық азайғанын алға тартты.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Халық Республикасының экспорты – Қазақстан Республикасының импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі алшақтық 40,5%-ға дейін төмендеді. 2021 жылы бюджет шығыстары 56 стратегиялық бағытты қамтыды және даму жоспарларының 263 индикаторына қол жеткізілді. Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті. Мәселен, өткен жылы 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалалар мен ауылдарда 5,3 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілері салынды. Жергілікті маңызы бар 1 287 шақырым автожол жаңғыртылды. Көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 3,7 млрд тоннаны құрады. Агроөнеркәсіптік кешенде 24 мыңнан астам инвестициялық жоба субсидиялаумен қамтылды, - деді ол.

Сондай-ақ министр бірқатар салалардағы еңбекақыны көтеруге қанша қаржы бөлінгенін атап айтты.

Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласында педагогтардың, дәрігерлердің, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілді. Тек осы мақсаттардың өзіне шамамен 950 млрд теңге жұмсалды. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге 422 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы, пандемияға қарамастан, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындады, - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы