2021 жыл несімен есте қалды?

31 Желтоқсан 2021, 12:58
2937
Бөлісу:
2021 жыл несімен есте қалды?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген 2021 қандай сәттерімен есте қалды? ҚР Парламенті Мәжілісінің және елордалық мәслихат депутаттарының пікірін білдік.

2021 жыл несімен есте қалды?

Тілектес Адамбеков, Мәжіліс депутаты:

Алдымен, еңбек жолым туралы айтатын болсам, әрине, биылғы жыл менің депутаттық қызметімнің алғашқы жылы ретінде есте қалатыны сөзсіз. Әр түрлі жағдайларды егжей-тегжейлі зерттеуді, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созуды талап ететін жауапты миссия екенін ескерсек, мен үшін 2021 жылы қызықты да, күрделі жыл болды. “Адам ұрпағымен мың жасайды” дейді дана халқымыз. Осы орайда, отбасымдағы жағымды жаңалығыммен бөлісер болсам, аяулы жарым екеуміз үшінші рет ата-ана атандық. Бізді үлкен нығметке бөлеген, Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік етемін. Алла әрбір шаңырақты сәбидің үнімен сүйіншілетсін деп тілеймін! 2021 жылдың тағы бір ерекшелігі, ол әрине Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен есімізде қалады. Өткен жылды қорытындылай келе, 2020 жылмен салыстырғанда әлем ковидтен кейінгі жағдайларға бейімделіп, біртіндеп қалыпты жағдайға келгенін байқаймыз. Бұл сынақты да еңсерген, еліміздің амандығын, халқымыздың тыныштығын көру кеудеге қуаныш сыйлайды. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құтты, берекелі, табысты  жыл болсын! 2022 жыл елімізді жаңа белестерге бастар, қуанышты сәттерін қоса ала келсін! Барша қазақстандықтарды кіріп келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын!

2021 жыл несімен есте қалды?

Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:

Парламент Мәжілісі депутаты ретінде 1-жылдық қызмет мәресіне келіп жетті.
Бір жылдың ішінде алдыңғы буын жолдастарымыздан тәжірибе жинадық, заң шығару саласына терең бойладық, азаматтардың талап-тілектерін жан - жақты қарастыруға тырыстық. 2021 жылғы VII шақырылымның I сессиясында  және II сессиясының бірінші жарты жылдығында Мәжілістің 40  жалпы отырысына қатысып, 1 қосымша баяндама жасадым, мемлекеттік органдарға 3 сұрақ қойдым, 1 пікірталасқа қатыстым. 25 Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін құрылған жұмыс топтарында мүше болып,  оның ішінде1  жұмыс тобында төрағалық еттім. Келесі жылы 3 Заң жобасы бойынша жұмыс топтарында жұмысымды жалғастырамын. Мен мүшесі болып табылатын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің 3 кеңейтілген тақырыптық отырысына қатыстым. Менің бастамам бойынша  «Шекаралық аймақтардың даму мәселелелері» атты отырыс   ұйымдастырылды. Жыл бойында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл, Атырау облыстарына іс-сапармен барып, сайлаушылармен жалпы 300-ге тарта кездесу жүргіздім. Біздің басты миссиямыз халыққа еңбек етіп, азаматтарға көмектесіп, қоғамның ықпалдастығын күшейту. Осы бағытта баршамызға табыс, жетістік тілеймін! Жаңа жыл жаңа табыс, игілік, қуаныш әкелсін! Еліміз - аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз біргеміз!

2021 жыл несімен есте қалды?

Ләззат Разбекова, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты:

2021 - мен мәслихат депутаттығына сайланған алғашқы жыл. Сондықтан, әрине, бұл жыл депутаттық қызметпен есте қалды. Көп дүниеге көзқарас өзгерді. Бұрын атқарған жұмыстың жауапкершілігі 2 есе артты. Адам жаны да соған бейімделеді екен, биыл жұмсалған энергиям да басқа жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп сияқты. Бұрын қарамағымда қызмет атқаратын 40-50 адамның ғана жайын ойласам, биыл маған бекітілген ауданға қарасты 100 мың адамның жағдайын ойлауым керек болды. Қайырымдылыққа көп көңіл бөлген, түрлі акцияларға атсалысқан, 140-тан аса игі шараларды ұйымдастырған берекелі жыл деп айта аламын. Алдыма келген әрбір өтінішті, әрбір проблеманы өз бойымнан өткізіп,  нәтижеге жеткізуге талпындым.

Әрі 2021 – денсаулық жылы. Мен де отбасыммен мына коронавирус дейтін індеттің құрығына ілініп, Алланың қалауымен аман өткердік. Бүгінгі күнде жалғыз ем деп, вакцина қабылдадық.

Еліміз үшін биыл қиын да, жақсы да күндер болды. Айдың күннің аманында түрлі жарылыстар, өрттер, табиғи апаттар орын алып жатты. Жап-жас боздақтарымыздан айырылдық. Мұндайда Алладан ең қайырлысын тілеу ғана қолдан келді. Біз жіберген аз-кем көмек жақынынан айырылған ешбір жанның қайғысын жеңілдеткен жоқ, әрине. Жыл соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлатып, жылды жақсы қортындылаған сияқтымыз. Жаңа 2022 жыл жақсылығымен енсін. Бастысы елім, жұртым қайғысыз, қамсыз күн кешсін деп тілеймін.

Өзгелердің жаңалығы