2021 жыл «Балалардың кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды

11 Ақпан 2021, 12:44
6272
Бөлісу:
2021 жыл «Балалардың кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ОКҚ-де өткен онлайн брифингте хабарлады.

Биыл елімізде айтулы жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Сондықтан баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын, - деп бастады өз сөзін вице-министр. 

Сондай-ақ ол білімді әрі бәсекеге барынша қабілетті ұрпақ қалыптастыру – мемлекеттік саясатымыздың негізгі ұстанымдарының бірі екенін атап өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын.

Президент бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды. Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялап отыр, - деп айтты Нұрғиса Дәуешов.

Ол атағандай, бұл - министрлік тарапынан Президент тапсырмасын орындау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар. 

Еліміздің дамуы мен келешегі балалар мен жасөспірімдердің білімді әрі рухани дамыған ұрпақтың еншісінде. Осыған орай кітап оқу үрдісін жаңғырту, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тәрбиелеу – Мәдениет және спорт министрлігінің алдында тұрған басты міндет, - деп түсіндірді вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы