Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында ішкі сауданың 2020 жылғы даму қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттер, сондай-ақ техникалық реттеу мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды дамытуда қабылданған реформалар туралы баяндады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру бойынша өзекті мәселеде министрлік әкімдіктермен бірлесіп тұрақты негізде баға мониторингі бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 11%-ға өсті, - деді ол.
Вице-министр атағандай, бағаның ең жоғары өсуі импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған 5 тауарға тіркелді, үлесі 8,9%-ды құрады. Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет 9 тауар бойынша шекті бағаны белгіледі, 7 тауар экспортына тыйым салынды және 6 тауар әкетуге ай сайын квоталау енгізілді.
Сонымен қатар, бағаны ұстап тұрудың ең тиімді нарықтық тетігі «айналым схемасы» бойынша жеңілдікті қарыздар беру болды. Егер 2019 жылы осы тетікке жергілікті бюджеттерден 2,1 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы қаржы қаражаты 18,6 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Тұрақтандыру қорларында 31,5 мың тонна көлемінде азық-түлік қоры құрылды, - деп баяндады Қазанбаев.
Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігінің 2020 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер туралы кеңейтілген алқа отырысы министр Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен онлайн форматта өтті.