2020 жылы 238 миллиард теңгеге жол жөнделген

8 Қаңтар 2021, 22:22
1070
Бөлісу:
2020 жылы 238 миллиард теңгеге жол жөнделген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 4 мың шақырымы қамтылды. Құны  238 миллиард теңге болатын 350 автожол жобасы жүзеге асырылған.

Атап айтқанда, 39 шақырым жол салынды. Автожолдардың 199 шақырымы қайта жаңартылса, 541 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Ал жергілікті маңызы бар 3221 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді.

Іске асырылған ірі жобалардың қатарында Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайға кірме жол бар. Бұдан бөлек, Ақтау теңіз курорттық аймағында автомобиль жолдарын салу және қайта құру жүргізілуде. Сондай-ақ,  республикалық маңызы бар қалалардағы көшелерді дамыту да жүзеге асырылған.

Осылайша, жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 75%-ға жеткізілді. Былтыр бұл көрсеткіш 71% -ды құраған болатын.

Атап өту керек, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жергілікті атқарушы органдардың құзырында. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз кезегінде жыл сайын жергілікті жолдар желісін дамытуға мақсатты трансферттерді паритеттік негізде, яғни 50/50 қылып бөлуде. 

Еске сала кетейік, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 70,9 мың шақырымды құрайды. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар 27 мың шақырым жолды құрылыс жұмыстарымен қамту көзделген. Сондай-ақ, жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы