2020 жылы 2,5 мыңнан астам алматылық тұрғын үймен қамтамасыз етілді

8 Қаңтар 2021, 10:01
1415
Бөлісу:
2020 жылы 2,5 мыңнан астам алматылық тұрғын үймен қамтамасыз етілді

Алматы, BAQ.KZ. Өткен жылы Алматыда қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары бірнеше мемлекеттік және қалалық тұрғын үй бағдарламалары бойынша жүзеге асты. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Мәселен, қала әкімі Бақытжан  Сағынтаевтың бастамасы бойынша қолға алынған «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 949 пәтер берілді. Бұл бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар мен БАҚ-та жұмыс жасайтын жастар, сонымен қатар ЖОО мен ҒЗИ-ның қызметкерлері қатысты.

Тағы 432 пәтерді «Шаңырақ» бағдарламасының шарттарына сәйкес  кезекте тұрғандар алды, ал 360 отбасы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы жеңілдетілген несие шарттары бойынша баспаналы болды. Көпбалалы және толық емес отбасылардың, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өкілдері «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша  жыл ішінде 365 пәтер алды, - делінген хабарламада.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан 429 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері мен көп балалы отбасыларға бөлінді.

Өткен жылы барлығы 2535 алматылық отбасы қол жетімді баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасады.

Бағдарламалардың шарттары мен ағымдағы хабарландырулармен Алматы қаласы тұрғын үй саясаты департаментінің www.uzh-almaty.kz сайтында танысуға болады.

Өзгелердің жаңалығы