2020 жылы 2 миллионнан астам адамның зейнетақылары өсті

6 Қаңтар 2020, 21:11
2842
Бөлісу:
2020 жылы 2 миллионнан астам адамның зейнетақылары өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "2020 - 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ға өсті, ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 38 636 теңгені құрады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5%-ға өсті, оның ең төменгі мөлшері 16 839 теңгені құрады.

Бұл өсім 2 миллионнан астам зейнеткерге әсер етті.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты мүгедектігі бойынша, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 5%-ға артты.

Нәтижесінде бірінші топтағы жалпы аурудан мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 59 872 теңгені, екінші топ - 47 710 теңгені, үшінші топ – 32 431 теңгені құрады.

Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы асырауындағы адамдар санына байланысты 26 818 теңгеден 65797 теңгеге дейін болды. Сонымен бірге, жетім балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері әрқайсысы үшін 36 796 теңгені құрады, бірақ отбасының барлық мүгедек мүшелері үшін 79 829 теңгеден аспайды, - делінген ведомство хабарламасында.

Бұл өсім шамамен 680 мың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға әсер етті.

Айлық есептік көрсеткіш шамасының өзгеруіне байланысты 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, № 1 және № 2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың мөлшері де 5%-ға артты.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап №1 тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың мөлшері 24 973 теңгені, №2 тізім бойынша – 22 216 теңгені құрайды.

Өзгелердің жаңалығы