Астана, BAQ.KZ тілшісі.Осы күні теңге бағамының 100 мәрте құбылатына етіміз әбден үйреніп кетті.Тіпті, қоғамда Ұлттық банк алдын-ала ескертпеді деп, бұрынғыдай Данияр Ақышевты ешкім желкесінен алып жатқан жоқ. Көбінесе, теңге бағамының тағдыры отандық сарапшыларды ғана алаңдататындай көрінеді. Бәлкім, қателесетін де шығармыз. Осы ретте, 2019 жылғы теңге бағамының тағдыры қалай болмақ деген сұраққа сарапшының көмегімен жауап іздеп көрдік.
Теңге бағамын еркін айналымға жіберудің тиімді тұсы
Естеріңізде болса, 2015 жылдың 20 тамызында теңге бағамы еркін айналымға жіберілді. Содан бері Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк теңгенің нарықтық бағамын қалыптастыруға бұдан кейін араласпайтын болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын «долларды ұмытып, теңгені пайдалануға» шақырған еді. Өйткені, теңге бағамын ұстап тұру мемлекет үшін қиынға соққан. Мысалы, 2014 және 2015 жылдары осы бағыттағы жұмыстар үшін 28 миллиард доллар жұмсалыпты.
Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевқа Қазақстанның осы қадамы қаншалықты өзін-өзі ақтады дегенді сауалды қойған едік. Танымал сарапшының айтуынша, Үкіметтің теңге бағамын еркін айналымға жібергені дұрыс болған.
«Әрбір мемлекеттің өзінің монетарлық саясаты бар. Яғни, ақша-несие саясаты. Мұны бізде негізінен Ұлттық банк пен Үкімет пен жүргізеді. Осы ретте 2015 жылғы теңге бағамы еркін айналымға жібергенімізді маман ретінде өзім қолдаймын. Себебі, біз Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесіміз. Мысалы, Ресей өзінің ұлттық валютасын 2014 жылдың күзінде еркін айналымға жіберді. Бірден рубль екі есеге құнсызданды. Бұрын 1 доллар 31-32 рубль болса, осыдан кейін 66 рубльге жетті. Ресей – экспорттық әлеуетін арттыру үшін осындай қадамға барды.Рубль құнсыздағанда, шетелге шығатын тауарлардың бәсекелестігі артады. Сөйтіп, өздерінің көздеген мақсаттарына жетті. Қазақстан үшін Ресей ең ірі экономикалық серіктес. Сондықтан Қазақстан Ресейдің монетарлық саясатымен бірге жүргені дұрыс деп есептеймін. Біз осы тұста 20 тамызға дейін 8-9 айға кешігіп қалдық. Сол кезде ұлттық қорымыздағы 28 млрд теңгені жоғалттық. Егер Ресеймен бірге осы саясатқа көшкенімізде, ондай шығынға түспес едік. Мұны саясат деп айтамыз. Дегенмен, 2015 жылдың 20 тамызында теңге бағамын еркін айналымға жібергенімз, Қазақстан экономикасының дамуына жол ашып берді десек болады», – дейді Сапарбай Жобаев.
Теңге бағамы еркін айналымға жіберу арқылы Қазақстанның экспорт көлемі өсіп келе жатыр екен. Сарапшымыздың айтуынша, оған статистикалық деректер дәлел бола алады.
«Соңғы 4 жылда еліміздің сыртқа шығаратын экспортының көлемі артты. Мысалы, 2013-2014 жылдары экспорттан түскен қаржы 80-83 млрд доллар көлемінде болатын. Ал 2014-2015 жылдары 50 млрд долларға дейін түсіп кетті. Оған әрине, басқа да себептер болды. Әлемдік шикізаттардың бағасының төмендеуі секілді. Бүгінгі таңда 60 млдр долларлық межеге қайтадан шығып отырмыз. Бұл бірінші кезекте мемлекеттің ақша-несие саясатының дұрыс жолға қойылуымен және индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығына арналған жоспардың орындалуымен байланысты. Соның арқасында дайын өнімдердің экспортынан түсетін табыс 17-18 млрд долларға жетіп отыр», – дейді Сапарбай Жобаев.
Дайын өнімдерді көбірек экспорттауға тырысу қажет
Теңге бағамының жиі өзгеріске ұшырауына бірінші кезекте әлемдік мұнай бағасы әсер етіп жатады. Еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстан экономикасы тұрақты болуы үшін мұнай баррелінің бағасы 50 доллардан кем болмауы керек екен.
Ал Сапарбай Жобаевтың пікірінше, теңгенің құбылуына макроэкономикалық жағдайдан 4 себеп әсер ететін көрінеді.
«Оның ең біріншісі – өзіміздің экспортқа шығарылатын тауарларымыздың әлемдік бағасының құбылуы. Мәселен, біз көбінесе мұнайды экспорттаймыз. Жалпы, мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасының жалпы ішкі өнімінің 20-22 пайызын құрайды. Экспорт бойынша, мұнайдың үлесі 60-70 пайыздан асып түседі. Яғни валюта мұнайдан түседі.«Қара алтынның» үлесі экспорттың жартысынан көп болғаннан кейін теңгенің бағамына қатты әсер етеді. Ол үшін дайын өнімдерді сыртқа шығаруды қолға алу керек. Қазіргі кезде мұнай бағасы көтерілсе, теңгеміз күшейеді, төмендесе құлдырайды. Бүгінгі таңда мұнайдың бір баррелі 55-60 доллар болып тұр. Бұл біз үшін қалыпты жағдай. Жақында бір рет 80 долларға дейін көтерілді. Ол өте жақсы құбылыс. Әйтеуір, 40 доллардан төмен түспесе болғаны», – дейді экономист.
Қазақстан шикізат экспорттаудан бірте-бір арылып, дайын өнімдерге көшетін болса, теңге бағамы жиі құбылмайды. Өйткені, мұнайға қарағанда дайын өнімнің бағасы сирек өзгереді.
Рубльдің теңге бағамының өзгеруіне қаншалықты әсері бар?
Негізінен, теңгенің рубльге қатысты бағамы аса көп өзгермейді. Көбінесе, рубльдің шетел валюталарына қатысты бағамдарына қарап теңгенің аяқ алысын да байқауға болатындай.
«Теңгенің құбылуына макроэкономикалық жағдайдан 4 себебі барын айттым ғой. Біріншісі, мұнай болса, екіншісі осы рубль. Өйткені, Еуразиялық Экономикалық одақтағы ең ірі әріптесіміз Ресей екені белгілі. Экспорт пен импорттағы үлесіміздің 25 пайызы осы Ресеймен байланысты. Сондықтан рубль қалай жылжыса, бізде солай қарай әрекет жасағанымыз дұрыс. Үшінші бізге әсер ететін – Қытай. Себебі, ол елдің эконмикалық әлеуеті өте зор және көрші елдің бірі. Төртіншісінде ретінде – төлем балансының нәтижесін айтуға болады. Біздің төлем балансымызға экспорттық-импорттық, дивиденттерді төлеу, Қазақстан азаматтарының шетелде ақша өткізулерінің жиынтығы кіреді», – дейді Сапарбай Жобаев.
2019 жылы теңге бағамы қандай болмақ?
Былтырғы жылдың басынан бері ұлттық валютамыз долларға шаққанда 12 пайызға құлдыраған (39 теңгеге). Бұл жағдай көптеген отандастарымызды алаңдатты.Халықтың көпшілігі әлі күнге дейін экономикамыздың деңгейін осы теңге бағамына байланысты бағалап жатады.
2018 жылдың қаңтар айында 1 доллар 332 теңгеден сатылды. Ал жыл соңында 371 теңгеге дейін жетті. Айырмашылық 39 теңгені құрап отыр. Теңгенің ең құнды болған кезі қаңтар мен сәуір айының аралығы. Осы кезеңде бір доллар 318 теңгеге дейін арзандаған болатын. Ең қатты көтерілгені – қыркүйек айының орта тұсы (381 теңге). Алайда айдың соңында 351 теңгеге дейін төмендеді.
Қазіргі кезде ұлттық валюта бағамының KASE ұсынған мәліметіне сүйенсек, 382 теңгеге дейін жеткен.
Экономист Сапарбай Жобаев, теңге бағамы 2019 жылы 378-385 көлемінде болады деп отыр.
Ал «DAMU Capital Management» ЖШС директоры Мұрат Қастаевтың айтуынша, теңге бағамының динамикасы еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштерімен және сыртқы нарықтық өзгерістерге тікелей байланысты. Негізінен, мұнай бағасы, Ресей рублінің бағамы қатты әсер етеді.
«Мұнай бағасы мен Ресей рублі негізінен геосаяси жағдайларға тікелей байланысты. Өйткені, мұнайдың нарықтағы бағасы Иран еліндегі жағдайға да қатысты. Ресейге салынып жатқан санкциялар өте көп. Сондықтан болжам өте қиын. Өйткені, аяқ астынан өзгеріп кете салуы мүмкін. Себебі, факторлар жетерлік. Дәл қазір теңге бағамы 380-нің айналысында болып отыр ғой. Ал жыл бойы жалпылай алсақ, 350-ден 400 теңгеге дейін құбылып отырады деп ойлаймын», – дейді Мұрат Қастаев.
Ақшаны қай валютада сақтаған дұрыс?
Валюта бағамдары мың құбылған кезде, депозитті қандай ақшада сақтаған дұрыс? Бүгінде осы сұраққа екінің бірі бас қатыратыны анық. Осы ретте экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбаев Жобаевтың кеңесін ұсынайық.
«Егер қомақты ақшасы болатын болса, оны үшке бөлу керек. Біреуін ақшалай, екіншісін жылжымайтын мүлік түрінде сақтау қажет. Ал үшіншісін бизнеске салған дұрыс. Сол кезде ұтылмайды. Қазіргі кезде халықтың 50 пайызы ақшасын депозитке теңге түрінде салып жатыр. Бұл жерде де ақшаны депозитке салғанда үшке бөлген тиімді (біреуін теңге түрінде, екіншісі шетел валютасы түрінде, үшіншісіне акция және облигация сатып алу керек). Бұл жерде акция және облигация – теңге мен шетел валютасы арасындағы құбылмалы өзгерісті басып отырады. Акцияны IPO арқылы алған дұрыс. Ол өте тиімді. Мысалы, «ҚазақТрансОйлдың», «ҚазАтомның» акцияларын алса, халық ұтылмайды деп ойлаймын. Ал ақшасы азырақ, айлықпен күн көретіндер депозитке салатын азын-аулақ ақшасын теңге түрінде салса болады», – дейді сарапшы.