Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Әбдәлі Нұралиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасының нәтижелеріне тоқталды. Айтуынша, жоба жер телімдерін пайдаланудың тиімділігін, мал мен құстың өнімділігін арттыруға және жем-шөп пен жайылым жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру үшін ауылдар маңындағы жер телімдерін неғұрлым ұтымды пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қаржыландыру мүмкіндігі де туады.
Пилоттық жобаның нәтижесінде, жеке кәсіпкерлер саны 2 282 артып, 589 жаңа жұмыс орындары ашылуы есебінен жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65% азайды. Сонымен қатар, жоба аясында мал-басы ұлғайып, ет және сүт өндірісі артқан, - деп атап өтті сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мәулен Әшімбаев биыл қаңтар айында облысқа жасаған сапары барысында бұл жобада көзделген міндеттер Мемлекет басшысының 2022 жылғы Жолдауында көрсетілгенін айтқан еді.
Жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға негізделген. Пилоттық жобаның аясында қосымша 40 ауылдық округтеріндегі 4 000 жобаны жүзеге асыру үшін 20 млрд теңге қаражат қажеттілігі туындауда. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 014 «Ауыл халқына ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтауға микрокредиттер беру» бюджеттік бағдарламасы аясында аталған соманы республикалық бюджеттен бөлуге жәрдемдесуді сұраймыз, - деді Әбдәлі Нұралиев.